Қазақстанның гандболшы қыздары Токио ойындарына қатыспайды

Дьер қаласында өткен Олимпиадалық іріктеу турнирінде олар төртінші орынға табан тіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Топтағы соңғы кездесуін сербиялық қол добы шеберлеріне қарсы өткізген Қазақстан құрамасы 30:42 есебімен ұтылды. Оған дейін отандастарымыз Венгрия спортшыларымен сынға түскен еді. Алайда алаң иелерінен де жеңілді. Есеп – 19:46. Іріктеу сындарының ккінші матчта Қазақстан гандболшылары Рио Олимпиадасының чемпиондары – Ресей құрамасымен ойнады. Барынша қайрат көрсеткенімен, 26:33 есебімен жеңілді. Ал, Токио Олимпиадасының жолдамасын Венгрия мен Ресей иеленді. Айта кетейік, Қазақстан бұл жарысқа өз елімізде ойнайтын спортшыларды апарды.

***

Дмитрий Баландин жүзуден Түркияда өткен халықаралық турнирде үшінші жүлдесіне қол жеткізді. Қазақстандық спортшы 100 метрге брасс әдісімен жарысудан күміс медаль иеленді. Ол бұған дейін 50 метрлік  сайыста мәре сызығын екінші боп кесті. Ал 200 метрді еңсеруде алтыннан алқа тағынды. Қазақстандық құрамадан  Әділбек Мусин де 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден Аделаида Пчелинцева да 100 метрге брасс әдісімен жүзуден күміс жүлдегер атанды.

***

ВТБ біріккен лигасының тұрақты чемпионатында «Астана» баскетбол клубы сырт алаңда «Цмоки-Минск» командасын тізе бүктірді. Бұған дейінгі ойындарда қазақстандық спортшылар жеңілістен көз ашпаған еді. Алғашқы кезеңде қарсыластар бір-бірінен айласын асыра алмай, ит жығыс түсті. Екінші және үшінші кезеңде астаналықтардың бәсі биік болды. Соңғы 10-минутта алаң иелері ширақ қимылдағанымен, басым түсе алмады. Ойын 78:80 есебімен қазақстандық команданың жеңісімен аяқталды. Беларусь спортшылары биылғы сында осымен 8-ші мәрте сүрінді. Турнир кестесінде көш соңында келеді. АлЭмиль Райковичтің шәкірттері олардан екі саты жоғары тұр.

***

Англия Кубогының жартылай финалында өнер көрсететін командалар белгілі болды.

«Челси» «Шеффилд Юнайтедті» 2:0 есебімен тізе бүктіріп, осылайша жолдамаға қол жеткізді.  Ойынның 25-ші минутында «Шеффилд Юнайтедтің» қақпасына автогол соғылды. Томас Тухельдің шәкірттері матч соңында ұпайды үстемеледі.

***

Ал «Манчестер Юнайтед» «Лестер Ситиге»есе жіберді. Есеп: 1:3. Шабуылшы Келечи Ихеаначо қатарынан екі голдың авторы атанды. Брендан Роджерстің тәрбиеленушілері енді «Саунтгемптонға» қарсы ойнайды. Ал «Челси» «Манчестер Ситимен» шеберлік байқасады. Матч 17 сәуірге жоспарланған.