Елімізде ұлттық спортқа қызығушылық артып келеді

Қауіпті індетке қатысты жағдайға орай көпшілікке арналған мерекелік іс-шаралар өтпесе де, Ұлыстың ұлы күнінде ерекше дәріптелетін халқымыздың салт-дәстүрі, тағамы, ойындары кеңінен насихатталуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық өнерімізді тамашалағысы келгендер соңғы уақытта музей мен кітапхана және өзге де ұйымдарға баруды жиілеткен. Мәселен, Ақтөбедегі ұлттық спорт түрлері мектебінің күнделікті жаттығуларын көруге құмартқандар көп. Әсіресе, атқа мініп, көкпар тартуға қызығушылық басым.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Бұл жылқылар бұрын Наурыз мейрамында орталық көшелермен жүріп, саябақтарда ұйымдастырылатын түрлі шараларға қатысатын. Биыл шектеу шараларына орай спорт мектебінің аумағынан шығарылмайтын болды. Сондықтан кестеге сай жаттығу жұмыстарына қолданылады.

Мереке күні мұндағы жылқылардың қоғамдық орындардан көрінбейтінін білген жастар осында келіп, аттардың күнделікті жаттығуын тамашалауды жиілеткен. Солардың бірі 8-сыныпта оқитын Қуандық Өмірбек қолы боста осында асығады. Жасөспірім жарты жыл бұрын спорт мектебінің талабынан сүрінбей өтіп қабылданған еді. Содан бері көкпар тарту, аударыспақ ойынын үйреніп алған. Ендігі арманы – Ұлыстың ұлы күнінде өтетін дүбірлі додаға қатысып көру.

Қуандық Өмірбек, оқушы:

- Сабақ уақытынан кейін аттарға өте қатты келгім келеді. Себебі, атымды сағынам. Менің ағайым көп нәрсеге үйретті. Тәрбиеге, атқа отыруға, мықтылыққа. Біз күнде дайындаламыз негізі. Жаттығудан кейін көкпар тартамыз басында, сосын серке көтереміз, аттың үстінде тартысамыз. АрманымҚазақстан чемпионы болу, сосын Азия чемпионы болу.

Мұнда ат спорты бойынша көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату дәріптеледі. Әрқайсысына үйретілген жылқылар бар. Бірақ жаттығу қар еріп, көктем ерте келетін оңтүстік өңірдегілердей ашық алаңда емес, жабық ғимаратта өтеді. Дегенмен, топтар арасында жиі ұйымдастырылатын шеберлік сабақтарын көруге шектеу жоқ. Ал, атқа мінуге тиісті талаптан өткен соң ғана рұқсат етіледі.

Бақдияр Төлеуов, облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

- Аттың қасына келген бала ол ешқашан кетпейді. Ол енді қайсысына келеді. Қолы ұзын болса, бойы ұзын болса теңге ілуге салады. Жүректі, білекті, мықты болатын болса, ол көкпарға кетеді. Жерден көтере алатын болса. Одан кейін икемі болса, мерген болатын болса, ол жамбы атуға іріктелініп алынады. Сөйтіп, өзінің қалаулары, таңдауы, икеміне байланысты.

Спорт мектебінде дәріптелетін тоғызқұмалақ пен қазақ күресіне қызығушы жастар көп. Спорттың 2 түрінен талай жарыста топ жарған жеңімпаздар бүгінде құрбы-құрдастарына үлгі.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Сондай-ақ...