Шымкентте жұлдыздардың қатысуымен «Өнер барысы» турнирі өтіп жатыр

Қазақстандық жұлдыздар «Өнер барысы» атағы мен арнайы белбеуді иелену үшін бозкілемге шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәл қазір Шымкентте қазақ күресінен турнир өтіп жатыр. Осымен еліміздің үшінші қаласында ұйымдастырылған балуандар бәсекесінде өнерде жүрген танымал тұлғалар бақ сынауда. Жобаға қатысып жатқан сайыскерлер арасында Көңілді тапқырлар клубының ойыншылары, сахнада жүрген әртістер, сондай-ақ эстрада жанры мен дәстүрлі әндерді орындап жүрген танымал орындаушылар бар. Олар бүгін өздерінің сахналық костюмдерін спорттық кимоноға ауыстырды. Биылғы «Өнер барысы» турнирі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арналып отыр. Карантинге байланысты турнир шектеулі көрермендермен ғана өтіп жатыр. Ал өнерпаздардың жекпе-жегін «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінен көруге болады. 

Ержан Әлібек, «Өнер барысы» жобасының жетекшісі:

- Бұл жолы жаңа қатысушыларымыз бар. Одан бөлек, сайыс жаңа түрде өтеді. Барлығы бір-бірімен күресіп шығады. Сосын бір салмақта 8 адам қатысады, жеңілгені жарыс жолынан шығып отырады.

Сырымбет Бибосынов, «Өнер барысы» жобасына қатысушы:

- Бүгінгі қарсыластардың барлығын сыйлаймын, құрметтеймін. Мен үшін олардың барлығы қиын әрине, оңайы жоқ.Біз қазақпыз. Қазақ күресі біздің қанымызға сіңген. Кішкентайымыздан күреспен айналысып жүргеннен кейін, бізге бұл қиын болмайды, әрине.