Футболдан Қазақстан жастар құрамасы Antalya Cup-2021 турнирін сәтті бастады

Түркияда жалауы желбіреген бәсекеде жерлестеріміз алғашқы матчты Солтүстік Македонияға қарсы өткізді.

Қазақстандық команда қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Бірінші таймда Солтүстік Македония аяқдопшылары ширақ қимылдады. Екінші таймда «Астананың» қорғаушысы Сағи Совет есеп ашты. Кейін Абылайхан Жұмабектің қақпаға бағыттаған добы дәл тиіп, ұпай үстемеленді.

Арина Алтухова жүлдеге қол созым жерден тоқтады

Нью-Делиде өтіп жатқан нысана көздеуден әлем кубогінде қазақстандық Арина Алтухова жүлдеге қол созым жерден тоқтады. Ол пневматикалық мылтық атудан төртінші орыннан көрінді. Ал бұл жолы алтын алқаны словениялық Зива Дворсак еншіледі. Екінші орын швейцариялық Нина Кристинге бұйырды. Үздік үштікті Польша спортшысы Анета Станкевич түйіндейді.

Көкшетаудың «Арлан» командасы ҚХЛ жартылай финалында өнер көрсетеді

Сергей Бердниковтың шәкірттері соңғы ойынды Атыраудың «Бейбарысына» қарсы ойнап, 4:2 есебімен ұтты. Матчтың бірінше кезеңінде конақтар қарсыластың қақпасына екі шайба салды. Алайда айдын иелері көп ұзамай таразы басын теңестіріп үлгерді. Тартысты өрбіген кездесуде командалар бір-бірінен айласын асыра алмады. Сондықтан жеңімпазды анықтау үшін қосымша уақыт берілді. Енді Көкшетаудың «Торпедосымен» сарапқа салады.

Ярослава Шведова алғашқы айналымда сүрінді

Қазақстандық теннисші Ярослава Шведова Miami Open 2021 турнирінің алғашқы айналымында сүрінді. Ол екі сетте қарсыласы Тереза Мартинцовадан 6:4 және 6:2 есебімен ұтылды. Шведова ойын тізгінін алғашқы минуттарда-ақ өз қолына алған еді. Бірақ чехиялық әріптесі әр соққысын тойтарып, көп ұзамай шабуылды үдетті. Дегенмен жерлес спортшының жұптық кезеңде қабілетін көрсетуге мүмкіндігі бар. Ол енді Америкалық Ваня Кингпен бірге Анна-Лена Фридзам және Сторм Сандерс жұбыны қарсы ойнайды. Ал бүгін кордқа тағы бір қазақстандық теннисші шығады. Михаил Кукушкин британиялық Джек Дрейпермен кездеседі.