Жапонияда Олимпиада алауының эстафетасы басталды

Бүгін Жапонияның Фукусима қаласында Токио Олимпиадасының алау эстафетасы басталды.

Олимпиада алауы Токио ойындарының ашылу салтанатына дейін 121 күн бойы Жапонияның 47 префектурасын аралайды, деп хабарлады olympic.kz.

Алау эстафетасы Фукусимадағы футболдан жаттығу алаңында басталды. Ол – 2011 жылғы жер сілкінісі кезінде қатты зардап шеккен аудандардың бірі. Тап осы жер Олимпиада алауы эстафетаның концепциясына сай келеді. «Үміт біздің жолымызға жарық береді» деп аталатын ұран соңғы кезде Жапония мен әлем халқына төнген қауіп кезеңіне де дәл келеді. 

Алауды алғаш болып алып жүру бақыты 2011 жылы әйелдер арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алған футболшы Адзус Ивасимидзуге бұйырды. Сол жылы апаттан ес жия алмаған халықтың рухын көтеруге олардың жеңісі ерекше әсер еткен еді.

121 күн бойы жарты миллион үміткердің ішінен таңдап алынған 10 000 факел ұстаушы Жапония жеріндегі алау эстафетасына қатысады.

Айта кетелік, Олимпиада алауы 2020 жылдың 20 наурызында Жапонияда тұтанған болатын. Токио ойындары бір жылға ауыстырылған соң алау Олимпиада мұражайында жанып тұрды.