Алматы облысында конкурдан Қазақстан кубогы сарапқа салынды

Алматы облысында ат спортының конкур түрінен Қазақстан кубогы сарапқа салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үлкен үзілістен кейін бірінші рет ұйымдастырылып отырған жарыс жабық кешенде өтті. Бұл сынға 50 ден аса үміткер қатысқан болатын. 100 сантиметрлік кедергілерден секіру жарысында Екатерина Орловская тізгіндеген «Дегбир» бас жүлдені қанжығасына байласа, 120 сантиметрлік кедергілерден Шыңғыс Шалқарұлы мінген «Гарахан» алдына қара салмады. «Камелот» есімді қарагердің шабандозы Ержан Мағжаевқа 130 сантиметрде бас жүлде бұйырды. Осы жарыста үздік нәтиже көрсеткен шабандоздар мен сәйгүліктер ұлттық құрама сапына алынып, енді Ташкентте өтетін әлем кубогының кезеңінде бақ сынайды. Қазақстан кубогы жолындағы жарыстың ең жас қатысушысы  Нұрила Тұрысбекова «Клинтаро» есімді сәйгүлікпен үздіктер қатарынан көрінді. 

Нұрила Тұрысбекова, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- Мен 19 жастамын. Мен ат спортымен айналысамын. Осы алты жыл болды атқа мініп жүргеніме. Карантиннен кейін бірінші жарыс болды. Мен өзімнің атыммен жақсы өнер көрсеттік деп ойлаймын. Өйткені біз екінші орын алдық.