Футболдан әлем чемпиондары елордаға келді

Қазақстан құрама командасы ертең 2022 жылы Катарда өтетін дүниежүзілік әлем біріншілігінің іріктеу матчтарын бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарсыласымыз – Франция құрамасы. Дидье Дешам шәкірттері Ресейде өткен мундиалда топ жарды. Демек Талғат Байсуфиновтан тәлім тергендер дүние жүзінің чемпиондарымен күш сынасады. Франция өткен түнде елордаға келді. Арна тілшісі Рауан Мыңбаев Поль Погба, Киллиан Мбаппе секілді кіл мықтыларды күтіп алуды жөн көрді. 

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Футболдан Франция құрамасы – азуын айға білеген команда. Әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Бірақ алғашқы турда Украинамен тең түсетінін ешкім болжап біле алмады. Күтпеген жерден 2 ұпайдан айырылды. Енді алда Қазақстан құрамасымен өтетін матча бұл қателікті қайталағысы жоқ. Сондықтан Франция құрамасы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ойынға толық құраммен келіп отыр. Тіпті қатарда әлемдегі ең қымбат футболшы Киллиан Мбаппе де бар.

Қазақстан құрама командасы өз тарихында талай футбол тарландарымен күш сынасты. Азуын айға білеген ағылшындармен, алаңға шықса қарсылас шақ келтірмейтін Германиямен ойнады. Талғат Байсуфинов шәкірттерінің Роберт Левандовский бастаған Польша құрамасымен ұпай бөліскені де жылнамада жазулы тұр. Енді елімізге Франция құрамасы келді. Рас, жайма шуақ күндер болса әлемнің айтулы футболшыларын көп болып күтіп алып, құшақ жая қарсы алып, Килиан Мбаппе, Антуан Гризманн, Поль Погба, Оливер Жиру, Уго Лльорис секілді саңлақтарға құрмет көрсетілер еді. Бірақ пандемия кезінде оған мүмкіндік жоқ. Дегенмен арна тілшілері аяқдоп шеберлеріне құрмет көрсету мақсатында әуейжайға арнайы барды.

Себеп екеу еді. Біріншісін айттық. Футбол аталған өнердің шын шеберлеріне құрмет көрсету. Екінші міндетті де өзімізге жүктеген едік. Не көп, қазір алып-қашпа әңгіме көп. Антуан Гризман жарақат алыпты деді. Мбаппенің тізімде жоқ екенін күні бұрын айтып жүрді. Өзге де ойыншыларға қатысты ақпарат айтылды. Біздің мақсат – қазақ жеріне кімдердің табан тірегенін көзбен көріп, жеткізу еді.

Енді түсінікті болды. Бас бапкер Дидье Дешам Франциядағы іске жарайтын ойыншыларды түгел ертіпті. Тек Н Голо Канте жоқ. Ол Украинамен өткен матчта жарақат алып, елордаға келе алмады. Ал дәм татып келгендердің көздегені жеңіс. Француздар қазір Қазақстаннан шын мәнінде қауіптенеді.

Оның да бірнеше себебі бар. Әлем чемпиондары жолдың алыстығын айтып, мұңайды. Арқадағы күн райына да көңілдері көншімейтінін тілге тиек етті. Жасанды төсеніш те жанға жайлы емес екенін ескертеді. Желеуі көп. Әлем чемпионатының іріктеу сындарын соншалықты сәтті бастай алмайтын дағдысы тағы бар. Оның дәлелі Украинамен өз алаңында ұпай бөлісуі. Қазақстаннан сескенеді деуге келмейтін шығар. Бірақ сол аяқпен ұтамыз десе, шынында да ептеп жарақат алған Гризман мен Мбаппені Босния және Герцоговинаға тіке аттандырар еді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Франция құрамасының жігіттері елордадағы қонақүйлердің біріне кеп жайғасты. 6 сағатқа жалғасқан сапардан кейін футболшылардың біраз шаршағаны байқалып тұрды. Ол түсінікті де. Енді франциялық аяқдопшылар сәл тынығып, алдағы маңызды матчқа дайындалады.

Авторлар: Рауан Мыңбаев, Ерзат Зайытхан