Қазақстан-Франция құрамалары кездесуіне төрешілер белгіленді

Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу сатысында елордада өтетін Қазақстан мен Франция құрамалары кездесуіне қазылық жасайтын төрешілер құрамы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған ойында беларусьтік маман Алексей Кульбаков бас төреші ретінде қызмет атқарады. Оған сол елден келген Дмитрий Жук пен Олег Маслянко көмекші болады. Қосалқы төреші Виктор Шимусик.

Естеріңізге сала кетелік, аталған кездесу елорда уақытымен 19:00-де басталады. Франция құрамасы Қазақстанға негізгі құрама ойыншыларын алып келді. Айта кетейік, қазақстандық құрама іріктеу сатысында D тобында сынға түседі. Қарсыластары: Франция, Украина, Босния және Герцеговина, Финляндия құрамалары. Қазақстандық футболшылар алғашқы турда ешкіммен кездескен жоқ. Ал 24 наурызда өз алаңында Франция Украинамен 1:1, Финляндия Босния және Герцеговинамен 2:2 есебімен тең ойнады.

Енді 28 наурызда Қазақстан мен Франция кездессе, сол күні Украина Финляндиямен шеберлік байқасады.