Каратэ: Олимпиада жолдамасынан кімдер үмітті

Каратэден Қазақстан құрамасы АІВА олимпиадалық орталығындағы жаттығу жиынын аяқтады.

Келесісі 11 сәуірге жоспарланған. Бұдан соң біздің спортшылар Олимпиада ойындары алдындағы соңғы рейтингілік турнирге қатысу үшін Португалияға аттанады. Бас бапкер Асқар Молдағалидің айтуынша, Токио Олимпиадасында бақ сынауға тағы екі спортшы үмітті. Олар: Данияр Юлдашев және Софья Берульцева. Айта кетейік, қос каратеші Ыстамбұлдағы Премьер-лига турнирінде қарсылас шақ келтірмеді. Берульцева алтын, Юлдашев күміс медалға қол жеткізді. Әзірге Қазақстан қоржынында каратеден бір ғана лицензия бар. Оны 67 келіге дейінгілер арасында әлем үздігі Дархан Асаділов жеңіп алды. Қазір ол жеке жоспар бойынша жаттығып жатыр.

Щучинскіде биатлоннан Қазақстан кубогінің екінші кезеңі басталды

Сайыстың алғашқы күні жекелей сын бойынша үздіктер анықталды. Ерлер арасында Ақмола облысының өкілі Александр Мухин үздік атанды. Павлодарлық Максим Браун екінші, Солтүстік Қазақстан спортшысы Сергей Сирик үшінші орын иеленді.

«Алтай» – Қазақстанның бес дүркін чемпионы

Волейболдан әйелдер арасындағы ел біріншілігінде «Алтай» командасы жеңіске жетті. Клуб ұлттық лиганың бес дүркін чемпионы атанды. Өскемендік команда екінші матчта Талдықорғанның «Жетісуін» 3:1 есебімен тізе бүктірді. Қола жүлдені алматылықтардан басым түскен Солтүстік Қазақстан волейболшылары еншіледі.

Елордалық гимнасшылар халықаралық турнирге қатысады

Елордалық гимнасшылар Болгарияда өтетін турнирде бақ сынайды. Әлемнің үздіктері жиылатын бәсеке Софья қаласында 3 сәуірде басталады. Қазақстандық ұжым үшін бұл халықаралық деңгейдегі тұңғыш дода болмақ.

Қазір спортшы қыздар жуырда ашылған көрем гимнастика орталығында дайындығын пысықтап жатыр. Олар жекелей және топтық бағдарлама бойынша өнер көрсетеді. Еске сала кетейік, кеше ғана Меруерт Балғымбаеваның шәкірттері Шымкентте өткен жарыстан олжалы оралды. Сарапқа салынған 24 медалдің 19 алтынын иеленді.

Қазақстан – Өзбекстан: 0:2

Футболдан Қазақстан жастар құрамасы «Анталия кап» турнирінде өзбекстандық әріптестеріне есе жіберді. Қарсыластар Қазақстан қақпасына екі рет гол соқты. Турнир қорытындысы бойынша жерлестеріміз үш ұпай жинап, 5-орынға табан тіреді. Ал жеңімпаз – Словакия құрамасы.