Ұлттық құрама қоржынында Токио Олимпиадасына лицензиялар саны арта түсті

Ұлттық құрама қоржынындағы лицензиялар саны арта түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы күндері су добы, үстел теннисі және семсерлесу шеберлері іріктеу бәсекелерінен олжалы оралды. Нәтижесінде жолдаманың жалпы саны 45-ке жетті. Ал, жоспар бойынша көрсеткіш 100-ден асу керек. Қалған бірер айда бұл мақсатқа қол жеткізіп үлгереміз бе?

Аслан Қаженов, тілші:

- Су добы бойынша лицензиялық турнир елордада өтуі керек еді. Азия чемпионаты 2019 жылдың ақпанына белгіленді. Тіпті дайындық жұмыстары да жүргізіле бастады. Бірақ қалыптасқан жағдайға байланысты кейінге қалды. Одан кейін мүлде өтпейтін болды. Әлемдегі эпидахуал тұрақталмады. Тұрақталатын түрі де жоқ. Сондықтан су добы бойынша құрлықтық федерация ары ойланып, бері ойланып, ақыры 2018 жылғы Азия ойындарының нәтижесін негізге алды. Айта кетейік, Джакартадағы додада ұлттық құрама алтын жүлдегер атанған еді. Соңғы сында Жапония жігіттерімен жолығып, 7:8 есебімен жеңіске жетті. Сәйкесінше, лицензия бөліске түскенде ең бірінші үміткер, әрине, біздің спортшылар болды.

Дамир Темірханов, су добы бойынша мемлекеттік жаттықтырушы:

- Бізге Олимпиада лицензиясын алудың өзі жеңіс болып саналады. Неге десеңіз, 12 команда ойнайды. Жоспарды айта алмаймын. Көре жатармыз. Олимпиадаға дайындық басталып жатыр. Басталып қойды. Қазір біздің құрама команда Ресей чемпионатына қатысып жатыр. 8-ші не 9-шы айналым өтуде. Қазір олар Руза қаласында.

Артынша Анастасия Лаврова мен Руслан Құрбанов та осындай жетістікке жетті. Бірақ алдыңғылармен салыстырғанда біраз тер төгуге тура келді. Үстел теннисі бойынша іріктеу Катарда өтті. Бұл сында қазақстандық қыз әлемнің мықты деген теннисшілерін жеңді. Тіпті отандық мамандар «керемет жетістік» деген баға беріп жатыр. Айтатындайы бар. Өйткені ел тарихында алғаш рет үстел теннисінен әйелдер арасындағы аламанға қатысқалы отырмыз. Ал, семсерлесу шеберлерінің жолдамасы рейтинг бойынша таратылды. Әсіресе, ең соңғы халықаралық жарыстағы нәтижелер негізге алынды. Сәйкесінше, қазақстандық Руслан Құрбанов пен жапониялық Масару Ямада  Азияға берілген екі жолдаманы өзара бөлісті. 

Серік Сәпиев, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы:

- Қазіргі таңда 45 лицензиямыз бар. Әлі жиналып жатырмыз. Құрама командалар жарысқа қатысып жатыр. Жоспарға сәйкес бәрі болып жатыр. Бірақ кемшіліктер де бар. Мысалы жеңіл атлетикада нормативтер өзгертілді. Сонымен біңрге ауыр атлетикадан біз бұрын 8 лицензия алсақ, осы Олимпиада тек 2 лицензия аламыз.

Иә, мәселелер бар және Сәпиевтің айтып тұрғаны бер жағы ғана. Қалыптасқан жағдайға байланысты ешқандай жарыс өткен жоқ. Кей спортшылар екі жылға жуық жарысқа шықпады. Бабын жоғалтты. Салмақ қосты дегендей. Енді-енді қалыпқа келіп жатыр ғой. Бірақ уақыт қысып барады. Лицензиялық турнирлер мамырдың соңына дейін ғана болады.

Нұрболат Жаңбыров, таэквондодон аға жаттықтырушы:

- Енді әлем бойынша деңгей жақсы деуге болады. Себебі, бізде спортшыларымыз Қайрат Сарымсақов, Руслан Жапаров, Дина Жансауле сияқты жақсы спортшылар шетелде әрдайым орын алып жүреді. Біздің өзіміздің Нұр-Сұлтан құрамасынан Шәйкенов Айтуар. Азия чемпионаттарында, Азия ойындарында енді толықтай 4 спортшыға лицензия алуға мүмкіндік бар. Айтып кеткен спортшыларға.

Қалай болғанда, жолдама саны 100-ден асу керек. Бұл көрсеткіш өткен жазғы ойындармен салыстырмалы түрде алынып отыр. Яғни, Қазақстан құрамасы соңғы 5 Олимпиадада 100-ден кем спортшы апармаған. «Биыл да мақсат орындалады», деп сендірді жауапты мамандар. «Ал, медальдық жоспар жайында айту әзірге ерте», дейді. Еске сала кетейік, Токио олимпиадасы 23 тамызда басталады.

Авторолары: Аслан Қаженов, Диас Қобланбаев