Украина - Қазақстан: матч алдында

Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Украинаға қарсы ойнайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алғашқы матчта қазақстандықтар франциялық футболшыларға 2:0 есебімен есе жіберген еді. Ал украиналықтар әлем чемпиондарымен ұпай бөліскен. Сондықтан екі команда да бүгін жасыл алаңда барын салады.

Қазір Украина командасы қос қанаты зақымданған құс секілді. Қазақстан ұлттық құрамасымен Киевке бірге ұшқан спорт журналисі Амангелді Сейітхан алаң иелерін осылай бағалапты. Олай деуге толық негіз бар. Қарсыластың қорғаушыларын қыспаққа алып, дамыл бермейтін Виктор Цыганков пен Андрей Ярмоленко ойынға қатыспайды. Еуропада доп теуіп шыңдалған Евгений Коноплянка жарақат алған. Соған қарамастан Украина құрамасының бас бапкері Андрей Шевченко жеңістің ауылы алыс емес деп отыр.

Андрей Шевченко, Украина құрамасының бас бапкері:

– Қазақстан командасы туралы не айтуға болады. Бұл өте ұйымшыл ұжым. Соңына дейін күреседі. Оолардың екінші нөмірмен ойнайтынын білеміз. Сондықтан бізді қиын ойын тұр. Өте ұйымшыл команда дедік. Соның арқасында ұпай алуға тырысады. Ал біз жеңіс үшін ойнаймыз. 

Шевченконың бұлай деуіне негіз жоқ емес. Украина осыған дейін әлем чемпиондарының алаңынан бір ұпай алып кеткен. Есесіне, өз алаңында Финляндиямен тең ойнады. Сондықтан алаң қожайындары қоржынға үш ұпай салуға барын салады. Ал өткен матчта әлемнің ең қымбат ойыншысы – Килиан Мбаппенің пенальтиін ұстаған Александар Мокин қарулы қарсыластан ықпаймыз деп отыр. Оның үстіне бүгін ойынға шабуылшы Абат Айымбетов араласады. Бас бапкер Талғат Байсуфинов та берілген уақыттың дайындыққа жететін айтты. Айтпақшы, футболшыларымыз ПТР сынамасын екі рет тапсырыпты. Елде және Украинада. Жұқпалы індеттен ұлттық құрама ойыншыларының бәрі аман.

Александр Мокин, Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы:

– Жүз процентке дайынбыз. Украина – өте мықты команда. Мұны жақсы түсінеміз. Бірақ біз де қарап тұрмаймыз. Ойын өте қызық болады деп ойлаймын. 

Ойын бүгін түн ауа, сағат 00:45-те басталады. Ал әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы келесі матч күзде өтеді.