Елордалық спортшы гір көтеруден Қазақстан рекордын орнатты

Нұр-Сұлтан қаласының спортшысы Ақмарал Зупар Петропавлда өткен гір көтеру спортынан Қазақстан чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.

Ол сондай-ақ салмағы 24 кг салмақты 201 рет көтеріп, ел рекордын жаңартты, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Чемпионатқа еліміздің әр өңірінен 200-ден астам спортшы қатысты. Нұр-Сұлтан қаласының спортшысы Ақмарал Зупар салмағы 24 кг салмақты 201 рет көтеріп, ел рекордын жаңартты. 68 кг салмақ дәрежесінде ол жарыстың алтын медалін жеңіп, еліміздің үш дүркін чемпионы атанды.

Ақмаралдың жеке жаттықтырушы Серік Абдахиннің айтуынша, бұл нәтиже әлемдегі үздіктер қатарына кіреді.

«Бұған дейін еліміздің рекордын әлемнің 10 дүркін чемпионы Татьяна Потемкина иеленген болатын. Ол 183 рет көтерген. Енді оның жетістігін қызымыз жеңіп отыр. Бұл әр баланың қолынан келе бермейді. Спортшыма ризамын. Алдағы сәуір айында Ташкентте өтетін Азия чемпионатында да жоғары деңгейде өнер көрсететінімізге сенімдімін», - деді жаттықтырушы.

Айта кетейік, 18 жастағы спортшы 14 жасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алған болатын.