Маңғыстау облысындағы ауыл бапкерінің шәкірттері жеңімпаз атанып жүр

Маңғыстау облысының Жетібай ауылында шағын кешенде жаттығатын жеткіншектер бірінен соң бірі спорт шебері атанып, ұстазының мерейін асқақтатып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Қарақия ауданында бір ғана таэквондо үйірмесінен 2 спорт шебері мен 9 спорт шеберіне үміткер шықты. Тар залда жеңімпаз шәкірт тәрбиелеп, олимпиадалық спорт түрінен үздік жаттықтырушы атанған ауыл азаматымен арна тілшісі Талғат Исламұлы жүздесті.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Күнделікті жаттығу әр түсті белбеу таққан жеткіншектердің спорт залда сапқа тұруынан басталады. Жаттықтырушының кешігіп келген баланы кіргізбейтін қағидаты бар. Дененің құрысын жазып, жүгіруден бұрын әр спортшының кимоно киімін дұрыс кигенін қарап шығады.

Талғат Исламұлы, тілші:

- 14 жастағы Әйгерім Аллаберген таэквондо үйірмесіне 2015 жылдан бері қатысып жүр. Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістанда өткен жарыста жеңімпаз атанып жасыл белбеу тағынған қыз. Талдықорғанда чемпионатта үздік өнер көрсеткені үшін спорт шеберіне үміткер деп танылған. Келешек мұратыҚазақстан чемпионы атанып, туған ауылының мәртебесін көтеру.

Әйгерім Аллаберген, таэквондодан спорт шеберіне үміткер:

- Осы Жетібайдың, өз ауылымның атын шығару – ең басты мақсатым. Ағайым өте жақсы адам. Қатал болатын жерде қатал, жұмсақ болу керек жерде жұмсақ болады. Мотивацияны өте жақсы береді. Басқа айтарым жоқ, өмірімде көрген ең жақсы адам осы тренерім. Ұрысқанын бізге жақсылығы ретінде қабылдаймыз.

Қара белбеу иегері, бапкер Фуркат 9 жылдық қызмет өтілінде 200-ден астам баланы спортқа баулығанын айтады. Еңбегі еш кетпей, Қарақия ауданында «Таэквондо» WTF олимпиадалық спорт түрінен еліміздің 4 дүркін чемпиондары мен Turkish Open, Don Cup, 1st Asian Taekwondo Open секілді рейтингтік сайыстардың жүлдегерлері шықты. Қазір Жетібайдағы спорт нысанда 8-17 жас аралығындағы 50 жеткіншек 3 топқа бөлініп жаттығады.

Фуркат Қалмұратов, жаттықтырушы:

- Осы балалар бір ғана залда дайындалады. Бірақ балаларымыз өсіп жатқанына байланысты залымыз таршылық етеді. Сырттағы балалар естіп келеді, қатысайық деп, басқа бапкер жоқ. Жетібайда бір өзім тренермін. Шәкіртім бар еді, ол қазір декреттік демалыста. Сол 50 баланы дайындап, жарыстарға шығарып жүрмін.

Мерей Налықов, «Қарақия аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» ММ Жетібай бөлімшесінің меңгеруішсі:

- Қарақия аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бөлімшесі болып саналамыз. Осы күнге дейін бізде күрес және бокс үйірмелері тар ғимаратта дайындалып келген болатын. №4 орта мектептің спорт залында азғантай құрылыс жұмысын жүргізіп, сол жаққа көшірілді. Бүгінгі таңда бізде 8 спорт үйірмесі жұмыс жасап тұр. 270-тей баланы қамтып отырмыз.

Екі қабатты спорт кешені 2012 жылы демеуші қаржысымен салынған. Бүгінге дейін тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалыпты. Жауапты мамандардың сөзінше, қосалқы ғимарат салынған жағдайда мұнда би, волейбол, жекпе-жек үйірмесін ашуға болады. Ал жергілікті әкімдіктің бұл мәселені қашан шешері әзірге белгісіз. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев