429,76 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорда жастары Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай челлендж бастады

  • 107
  • UPD: 16:45, 06.04.2021
Елорда жастары Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай челлендж бастады

Қазақ елінің тарихындағы тұңғыш кәсіпқой палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары арасында Instagram әлеуметтік желісінде челлендж басталды.

Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Аталмыш челленджге елорда тұрғындары қатыса алады. Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, білекті, шымыр жандарды анықтау.

«Жарыстың басты талабы – 16 кг болатын гірді көтеру. Гір тасын көтергенде шынтағыңыз тік тұруы шарт. Ал қолыңыз шаршаған кезде жұлқып көтеруіңізге болады. Достар, спорттың қай түрінен қатыссаңыз да сапаға мән беріңіз. Яғни шынтық, иық буындарыңыз толығымен түзу болуы керек. Ал турникте аяғыңызды бір қалыпта ұстап иекке дейін тартылуыңыз шарт. Барша Қазақстан жастарын осы челленджге белсене қатысуға шақырамыз», – делінген аталмыш ведомство таратқан хабарламада.

Челленжге қатысушылар түрлі спорт түрінен 150 мәрте жасаған жаттығуын видеоға түсіріп, Instagram желісіне #ҰлыДалаБатырыменБірТолқында #Қажымұхан150жыл хештегімен жариялайды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және спорт клубтарына сертификаттармен марапатталады. Челлендж 10 сәуірге дейін жалғасын табады.

Хабар 24 телеарнасы