433,55 515.14 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Таразда тұңғыш рет өнерпаздар арасында көкпардан жарыс өтіп жатыр

  • 87
  • UPD: 18:08, 06.04.2021

Турнир ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерекше іс-шараға еліміздің бірнеше өңірінен командалар қатысып, көкпар тартты. Республикалық жарыс ұлттық өнер мен дәстүрді насихаттап, дәріптеуге бағытталған.

«Өнер көкпары» республикалық турнирі Әулиеата атшабарында ұйымдастырылды. Шараға еліміздің 6 өңірінен келді. Барлық команда өнерпаздардан жасақталған. Әр қайсысында 10 ойыншы. Жарыс кезінде өнер жұлдыздары тек сахнада ғана емес, көкпар алаңында да ептіліктерін көрсетті.

Тәуекел Мүсілім, актер:

– Барынша қол бос болғанда балалармен жиналып дайындалдық. Басқа құраманың жігіттері өзара кездесіп дайындалып жүрдік. Қарсылас командалардың барлығының дайындығы жақсы. Шымкенттен түрлі видео, фотооператорларды алып келіпті.

Барлық ойыншы турнирдің алғашқы кезеңінде жолдастық кездесу мен шағын ойындар арқылы іріктелген. Алдын ала дайындықтан өткізіліп, тәжірибе жинақтаған. Жоба елге белгілі өнерпаздар арқылы ұлттық спортты кеңінен насихаттауға бағытталып отыр.

Рахат Жақсыбай, ҚР ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры:

– Тараз қаласында аударыспақ пен көкпар спортынан Қазақстанның жиырмасыншы чемпионаты өтуде. Ұйымдастыру жағынан жеңілдіктер болу үшін осы Тараз өңірін таңдадық. Екіншіден, қазір эпидемиологиялық жағдай әртүрлі болып тұрғандықтан, Тараз «жасыл аймақта» болғандықтан, осы аймақта өтіп жатқан жағдайы бар. Дәстүрлі турнирге, дәстүрлі чемпионатқа айналатынына үмітіміз зор.

«Өнер көкпары» жобасын жұрт ерекше қабылдап қиқуға-қиқу қосты. Атақты көкпаршылар мен ардагерлер ұлттық құндылықтарды дәріптеп, дамытуда маңызы зор бастама деп санайды.

Әбілхан Дауылбаев, көкпардан КСРО-ның 9 дүркін чемпионы:

– Қазақтар аттың үстінде жүріп туып, аттың үстінде жүріп өскен. Қазақтан мықты ешкім болмауы керек. Соның дәлелі міне, өнер қырандары шығып жатыр. Өте қуаныштымын. Бұлар атқа көп мінбейді. Осындай жарысқа қатысып отырғанының өзі жақсы. Ұлттық спортымызды аспанға көтеріп жатқандарына рақмет.

Бұл жоба енді жылда дәстүрлі түрде өткізілмек. Алдағы шілде айында өнерпаздар кубок үшін тартысады. Республикалық турнирдің финалы ертең өтеді.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы