«Астана» баскетбол командасы сырт алаңда Мәскеудің ЦСКА-сына есе жіберді.

«Астана» баскетбол командасы сырт алаңда Мәскеудің ЦСКА-сына есе жіберді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ойын басында командалар тең түсіп, ұпай айырмашылығы аса қатты байқала қоймаған. Алайда екінші  кезеңде қарсыластар қарқынын үдетті. Нәтижесінде есеп 35:17-ге жетіп, елордалықтар шаң қауып қалды. Соңғы он минут ішінде де  жерлестеріміз ойын тағдырын өзгерте алмады. Айта кетейік, Эмиль Райковичтің шәкірттері тұрақты чемпионат аясында 21 ойын өткізіп, соның 5-еуінде жеңіске жетті. Турнир кестесінде ұпай саны бойынша көш соңында. Ал мәскеуліктер үздік үштікке енді.

***

Алматыда күрес түрлерінен Азия аймақтық іріктеу турнирі аяқталды. Cоңғы жарыс күні бозкілемге еркін күрес шеберлері шықты. Ауыр салмақтағы палуандар арасынан Юсуп Батырмұрзаев ел үмітін ақтай алды. 125 келіде өнер көрсеткен спортшымыз моңғолиялық Лхагвагерел Мунхтурды 4:2 есебімен ұтты. Осылайша, турнирдің алтын медалін және Олимпиада жолдамасын жеңіп алды.

Айта кетейік, Юсуп Батырмұрзаев еркін күрестен ел қоржынына бесінші жолдаманы салды. Өкінішке қарай, 86 келідегі Азамат Дәулетбеков жартылай финалда мүлт кетті. Енді бұл салмақтағы лицензия иегері Болгарияда өтетін әлемдік турнирде анықталады.

***

Болгарияның Софья қаласында бессайыстан әлем кубогінің үшінші кезеңі аяқталды. Қазақстандық Елена Потапенко мен Владислав Мищенко аралас жұптық сында жеңіске жетті. Екінші орынды Беларусь командасы еншілесе, үздік үштікті оңтүстіккореялық спортшылар түйіндеді.

***

Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінің соңғы матчы Қазақстан мен Израиль командалары арасында өтті. Біздің аяқдопшылар өз алаңында қарсыласын ойсырата ұтты. Есеп: 4:0. Алдымен Тайнан есеп ашты. Көп ұзамай Тимур Балтабаев ұпайды еселеді. Ал екінші таймда Жомарт Тоқаев мергендік танытып, соңғы голды соқты.

Еске сала кетейік, қос команда үшін бұл кездесудің турнирлік маңызы жоқ еді. Қазақстан құрамасы екі тур бұрын топ жеңімпазы атанған. Ал израильдіктер жолдамаға таласу мүмкіндігінен әу баста айырылды. Матч соңында қазақ футзалының аңызына айналған Серік Жаманқұлов құрамамен қоштасты.