Қазақ футболы ана тілге бет бұрды

30 жылда алғаш рет матч алдындағы баспасөз мәслихаты толық мемлекеттік тілде өтіп, ұлттық құраманың сырт алаңдағы ойынында хабарламалар қазақ тілінде айтылды.

Алдағы уақытта да осы қарқыннан таймаймыз дейді федерация өкілдері. Ал сарапшылар болса, бастаманы өте жоғары бағалап, тіпті, отандық футбол тарихындағы жеңіске теңеді.

Қазақстан-Франция матчы алдында жарық көрген журналдар. Жүз процент мемлекеттік тілде жазылған және қызығы сол, жүздеген данасын әп-сәтте таласа-тармаса алып кетіпті. Жалпы қазақ тіліндегі ақпараттарға сұраныс аз, оқырманы болмайды деген пікірлер жалған дейді Ермұхаммед Мәулен. Оған дәлел – дәл осы матч алдындағы баспасөз мәлихаты. Ол толықтай мемлекеттік тілде өтті. Аудармашылар ана тілімізде ғана сөйледі.

Ермұхамед Мәулен, ҚФФ баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Бұл бұрын-соңды болмаған нәрселер. Аралас болған кейде. Қазақша-орысша дегендей. Диктор да солай болған деген сияқты. Баспасөз мәслихаты түгелдей қазақша өткен жағдай мүлде кездеспеген. Осындай жаңашылдықтар әкеліп жатырмыз. Өйткені, біздің қазіргі аудитория, қазақ футболын тамашалайтын жанкүйерлердің дені қазақ тілді. Сондықтан қазақ тілінде сөйлеуге бет бұрып жатырмыз.

Бұған қоса, федерация стадиондағы диктордың да қазақ тілінде сөйлеуін кәдімгідей қадағалай бастады. Әсіресе, соңғы Украинада өткен мачта хабарламалар украин және қазақ тілінде ғана жасалды. Ал бас бапкер Талғат Байсуфинов алаңдағы пәрмендерін ана тілімізде айтып жүр. Осы және өзге бастамалар спорттағы, оның ішінде футболдағы мемлекеттік тіл мәртебесінің артқанын білдіреді және бұл фактордың маңызы ерекше дейді сарапшылар.

Әзиз Жұмәділ, футбол сарапшысы:

- Ұлттық құраманың соңғы баспасөз мәслихатынан мына нәрсені байқадық. Орыс тілді журналистер қазақ тіліндегі ақпараттарды өте жақсы түсінеді және сол күйде сауатты жеткізеді. Демек бұл жердегі проблема өзімізден. Егер біз өзіміз қазақша сөйлесек, басшылары бар, басқасы бар, онда журналистер де ары қарай дамыта береді. Аудармашының да қажеті жоқ. Олар өз беттерінше аударып жатыр және тура аударып жатыр. Олар қазақ тілін жақсы түсінеді деген сөз. Қазақ тілін барлығы түсінетіндей жағдайға жеттік біз.

Әрине, бұл өте қуанышты жағдай. Бірақ осынша уақыт футболымызды қазақ тілінде сөйлете алмауымыз ұят дейтіндер де бар. Алғашқы талпыныстар 2010 жылдары болыпты. Бірақ аяқасыз қалған. Енді мәселе қайта көтеріліп, өз шешімін таба бастағандай және алдағы уақытта да осы қарқыннан таймаймыз деп сендірді федерация өкілдеді. Енді осы бастаманы басқа клубтар, әсіресе, жоғары және бірінші лига клубтары іліп әкетіп, кеңінен қолданысқа енгізсе, расымен де отандық футбол тарихындағы ең үлкен жеңіс болар еді.

Аслан Қаженов, Ерлан Наурызбаев