Азия чемпионатында грек-рим күресінен ел қоржынына тағы бір жүлде түсті

97 келіге дейінгі салмақта Ерұлан Ысқақов қолға медальға қол жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол Ирак елінің өкілі Әли Әл Каабимен белдесуі тиіс еді. Алайда Ысқақовтың қарсыласы белгісіз себептермен боз кілемге шығудан бас тартты.

***

Алматыдағы күрес түрлерінен Азия чемпионатында ел қоржыны алтын медальмен толықты. Грек-рим күресінен 60 келіде Айдос Сұлтанғали қарсылас шақ келтірмеді. Жерлесіміз финалда Иран палуаны Мехди Нижадты ұтты. Есеп: 8:4.

«Екінші кезеңде біраз қарқын ала бастадым. Басты мақсатым – қарсыласты төрттағанға қойып, ұпай алу еді. Бұл ойыма жеттім», - дейді Азия чемпионы. Жалпы Айдос бұған дейінгі бәсекелерде де құр қол қайтқан емес. 2015 жылы жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанды. Араға бір жыл салып жастар арасындағы жарыста топ жарды. Ересектер арасында Əлем чемпионатының және Бүкіләлемдік әскерилер ойынының қола жүлдесін еншіледі.

***

Ақтөбеде жүзден ел біріншілігі басталды. Ашық чемпионатта Қазақстан спортшылармен қатар Қырғыз елінің қыз-жігіттері бақ сынайды. Барлығы 17 команда төбе көрсетті. Басты міндет – 2021 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін іріктеу нормативтерін орындау. Аталған чемпионатқа ұлттық құрама үздіктері Дмитрий Баландин, Әділбек Мусин, Александр Баракин де қатысып жатыр. Төрт күнге жалғасатын жарыста еркін, баттерфлай, шалқалап жүзу, брасс, кешенді жүзу бойынша мықтылар анықталады. «Санитария талаптары толық сақталған. пандемияға байланысты біріншілік көрерменсіз өтеді», - дейді ұйымдастырушылар. Бірінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша 50 метрге баттерфлай әдісімен жүзуде әйелдер арасында ақтөбелік бұрымдылар көш бастады. Ерлер арасында Әділбек Мусин жеңіске жетті. Ал 100 метрге брасс әдісімен жүзуде  Дмитрий Баландин мәреге бірінші келді.

Дмитрий Баландин, Олимпиада чемпионы:

- Ресейдегі жарыстан енді оралған бетіміз. Енді міне, тағы бір маңызды сынға қатысып жатырмыз. Жарыс ойдағыдай өтіп жатыр. Жанкүйерлердің жоғы жанға батады. Себебі әр спортшы үшін көрермендер қолдауы ауадай қажет.

***

Чемпиондар Лигасының жартылай финалында қарсылас атанған командалар белгілі болды. Алғашқы ойын «Пари Сен-жермен» және «Манчестер Сити» арасында өтеді. Хосеп Гвардиола шәкірттері сырт алаңда дортмундық «Боруссиядан» 2:1 есесімен басым түсті. Алғашқы голды алаң иелерінен жартылай қорғаушы  Джуда Беллингема еншісіне жазды. Ал «Манчестер Сити» сапынан Рияд Марез және Филип Фоден мергендік танытты.

***

Дәл осы күні «Ливерпуль» өз алаңында Мадридтің «Реалын» қабылдады. Командалар алма-кезек шабуылға көшкенмен, ақыры гол соғылмады. Ал бұған дейінгі ойында испандықтар 3:1 есебімен жеңіске жеткен-ді. Зинедин Зидан шәкірттері енді шешуші сынның жолдамасын Лондонның «Челсиімен» сарапқа салады.  Жартылай финалдың алғашқы ойындары 27 сәуірде өтеді.