Еліміздің әйелдер құрамасы Билли Джин Кинг Кубогі кезеңіндегі матчтарын өткізеді

Бүгін теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы Билли Джин Кинг Кубогініің плей-офф кезеңіндегі алғашқы матчтарын өткізеді. Теннисшілеріміз аргентиналық спортшыларға қарсы тұрады.

Қазақстан мен Аргентина арасындағы кездесу 5 матчқа дейін созылуы мүмкін. Соңғысы жұптық сайыс. Онда ел намысын Ярослава Шведова мен Анна Данилина қорғайды. Ал жекелей сында Юлия Путинцева кортқа шығады. Оның алғашқы қарсыласы Аргентинаның бірінші ракеткасы Надя Подорошка. Екеуі осыған дейін Францияның ашық чемпионатында кездескен. Онда аргентиналық теннисші басым түскен. Бұл жолы Юлия қарсыласта кеткен есені қайтаруға тырысады.    

Юлия Путинцева, Қазақстан ұлттық құрамасының теннисшісі:

- Қарсыластар деңгейлес. Алайда біздің команда тұрақтырақ деп ойлаймын. Аргентина құрамында Подорошка жақсы әрі нақты ойнайды. Ал қалған қыздарды танымайды екенмін. Оларды турнирлерде көрген жоқпын. Бірақ осында жаттыққан соң жақсы ойнайтын шығар.

Әрі қарай кезек Елена Рыбакинаға тиеді. Оның қарсыласы Мария Лурдес Карл. Қос теннисші осыған дейін бірнеше мәрте кортта кездескен. Әсіресе жастар арасындағы жарыстарда жолдары жиі түйіскен. Айтпақшы, бұл Еленаның ұлттық құрамадағы алғашқы ойыны.  

Елена Рыбакина, Қазақстан ұлттық құрамасының теннисшісі:

- Жауапкершілік артқанын сезесің. Өзің үшін ғана емес, команда үшін, ел үшін ойнайсың. Қолдау көрсетіп жатқандардың қарасы қалың. Сондықтан жекелей сынға қарағанда командалық бәсекенің жөні бөлек.  

Ертең Рыбаканиа мен Путинцева қарсылас алмасады. Зарина Дияс бұл жолы қосалқы құрамда. Теннисшілеріміздің бірі жарақат алған жағдайда немесе команда капитанының шешімімен ғана ойынға араласады. 

Ярослава Шведова, теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны:

- Қазіргі таңда рейтинг, тәжірибе, дайындық және ойын мәнері бойынша келе жатырмыз. Басқа ойындарда Зарина да фаворит болатын шығар. Ал қазір бұл кезеңнен өтіп, бар ойымызды соған бағыттауымыз керек. 

Айтпақшы, бұл Шведованың капитан ретіндегі алғашқы турнирі. Айтуынша, ұжымдағы бірлік соңғы айларда бұрынғыдан да беки түскен. Егер Қазақстан құрамасы жеңіске жетсе, 2022 жылғы  БИЛЛИ ДЖИН КИНГ кубогінің финалдық кезеңі алдындағы іріктеу тобына жолдама алады. 

Авторлар: Биржан Валиев, Ерсін Мұхамбеталин