Ташкентте ауыр атлетикадан Азия чемпионаты басталды

Өзбекстан астанасында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты басталды. Сары құрлықтың басты додасына Қазақстаннан 17 спортшы аттанды.

Айта кету керек, бұл жарыс Токио Олимпиадасы алдындағы лицензиялық турнирлердің бірі. Сонымен Ұлттық құрама намысын кімдер қорғайды?

Риат Шони, тілші:

- Бұл турнирдің жөні бөлек. Себебі Азия біріншілігі былтыр өтуі керек еді. Бірақ пандемия салдарынан ол кейінге шегерілген. Халықаралық федерация әу баста чемпионатты Қазақстан астанасында ұйымдастыруды жоспарлаған. Бірақ ақыры аяғында көрші елдің елордасына таңдау түсті. Сонымен сары құрлықтың басты додасына 30 елден 246 спортшы келді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дүбірлі додадан қалыс қалған құрамалар да бар екен.

Шахрулло Махмудов, Азия ауыр атлетика федерациясының вице-президенті:

- Пандемияға байланысты бұл чемпионатқа барлық ел бірдей келе алмады. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі өз құрамасына жарысқа баруға тыйым салды. Ал Сауд Арабиясы бір күн қалғанда рұқсат алып, ұшып келді. Сондықтан ауыр атлетикадан Азия чемпионаты спортшылар үшін маңызды сайыс болып тұр.

 Риат Шони, тілші:

- Маңызды сайысқа командалар кіл мықтыларын әкелген. Мәселен, спортшылардың саны жағынан көш басында қытайлар тұр. Азия чемпионатына аспанасты елінің командасы 20 атлетпен келіп отыр. Қазақстан ұлттық құрамасы болса 17 зілтеміршіге үміт артуда. Арасында үш дүркін әлем чемпионы Зульфия Чиншанло да бар. Бұл спортшымыз соңғы өткен жаһандық жарыста төртінші орынға тұрақтаған болатын. Енді сары құрлықтың басты сынында алтыннан алқа тағуға қамданып отыр. Бұл чемпионатта тағы бір қызықты оқиға болғалы тұр. Рио Олимпиадасында рекорд орнатып өзбек еліне алтын сыйлаған Руслан Нуриддинов қайтадан қатарға қосылмақ. Бұл спортшы допинг қолданғаны үшін екі жылға спорттан шеттетілген еді. 109 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне сынға түсетін Русланға біздің отандасымыз Ибрагим Берсанов қарсы тұрмақ.

Руслан Нуриддинов, РИО-2016 Олимпиадасының чемпионы /Өзбекстан/:

- Ибрагим Берсанов мықты атлет. Біз онымен Ресейде жолығуымыз керек еді. Бірақ мен дисквалификацияма байланысты ол сайысқа қатыса алмадым. Қателеспесем Берсанов сол жарыста 105 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, 180, 225 келі салмақтарды көтерді. Бұл жақсы көрсеткіш. Сондықтан қазақстандық спортшыға қарсы тұру оңай болмайды.

 Риат Шони, тілші:

- Екі жыл спорттан шеттетілген өзбекстандық атлет бұл жарыста топ жарса да Токио Олимпиадасына қатыса алмайды. Себебі үзілістің салдарынан лицензиялық ұпайларын жинамаған. Ал қазақстандық спортшыларға келер болсақ, ұлттық құрама үздігі Нижат Рахимовтың басы дауға іліккендіктен Олимпиадаға Ибрагим Берсанов немесе Игорь Сон барады деген болжам бар. Сондықтан қос спортшы Азия чемпионатында үздік нәтиже көрсету үшін аянбай тер төкпек. Айта кету керек, біздің атлеттер сынға сәуірдің 18-і күні түседі. Маңызды жарыс алдында спортшылар сұхбат беруден бас тартты. Уақыттарын жаттығуға бөлуді ұйғарды. Енді ертең Алексей Дроздов, Абылай Әуелханов, Арли Чонтей, Зульфия Чиншанло және де Игорь Сон өз бақтарын сынайтын болады. Спортшыларымызға сәттілік тілейміз.

Авторлар: Риат Шони, Санжар Шатуляганов