Қазақстан-Аргентина матчы: Рыбакина команданы бір қадам алға тартты

Кордова қаласында Билли Джин Кинг кубогінің плей-офф кезеңінде Қазақстан-Аргентина матчында еліміздің бірінші ракеткасы, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина командасын алға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жарыстың екінші күні Елена Рыбакина Аргентинаның бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Надя Подорошкамен кездесті.

Кеше аргентиналық, дүниежүзілік рейтингте небәрі 430-орында тұрған Мария Лурдес Карледен күтпеген жерден жеңіліп қалған Е.Рыбакина бұл жолы ойын тізгінін қолына алды.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші басымдылық көрсетті – 6:4. Екінші сетте есеп 2:1 болған мезетте Е.Рыбакина брейк жасай білді.

Матчқа доп бергенде қарсыласы қайыра брейк жасады. Бірақ Елена кездесуді тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:4. Бәсеке 2 сағат 6 минутқа созылды. Осылайша матчта Қазақстан құрамасы 2:1 есебімен алға шықты. Енді қазақстандықтарға қалған екі кездесуде бір жеңіске жетсе болды, Билли Джин Кинг кубогінің шешуші кезеңіне жолдама алады.