424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ярослава Шведова: Екі күн бойы командамыз өте жақсы деңгейде ойнап шықты

  • 210
  • UPD: 13:04, 18.04.2021

Теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы Билли Джин Кинг турнирінің негізгі іріктеу кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше түнде қазақстандық теннисші қыздар аргентинкалық қарсыластарын 3-2 есебімен жеңді. Жекелей сындағы кездесулер тең аяқталған соң жеңімпаз жұптық сайыста анықталды.

Кездесудің екінші күні тартысқа толы болды. Таңғы сессияны Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина ашты. Алғашқы матчта ол ойламаған жерден Мария Лурдес Карлдан жеңіліп қалған еді. Сондықтан бұл жолы кортқа ширығып шықты. Екінші ойында Елена аргентиналық Надя Подорошкамен кездесіп, одан 6-4, 6-4 есебімен басым түсті.

Елена Рыбакина, Қазақстан ұлттық құрамасының теннисшісі:

- Бар ойым ойында болды. Кешегі күнге қарағанда бүгін денсаулығым жақсы болды. Команда болып, өзара әңгімелестік. Қыздар маған жан-жақтан қолдау көрсетті. Оларға осы үшін алғысым шексіз. Осының бәрі маған көмектесті.

Жекелей сындағы төртінші кездесу де қызықты өтті. Алғашқы ойынын жеңіспен аяқтаған Мария Лурдес Карл бұл жолы Юлия Путинцевамен кездескен. Екі сет жеңімпазды анықтамады. Ал үшіншісінде қазақстандық теннисші жарақатына байланысты матчты жалғастыра алмады.

Осылайша, жекелей сындағы кездесудің төртеуінде де жеңімпаз анықталған жоқ. Таблодағы есеп: 2-2. Енді кезек жұптық сайысқа келді. Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Ярослава Шведова мен Анна Данилина Мария Лурдес Карл мен Надя Подорошкаға қарсы тұрды. Алайда матч көпшілік күткендей тартысты болмады. Қазақстан өз қарсылан 6-0, 7-5 есебімен айқын жеңді.

Ярослава Шведова, теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны:

- Екі күн бойы командамыз өте жақсы деңгейде ойнап шықты. Бір-бірімізді қолдап, жігерлендірумен болдық. Белгілі бір дәрежеде ғажайып оқиғаға себепкер болдық.

Бұл жеңіс Қазақстан ұлттық құрамасын Билли Джин Кинг кубогының негізгі іріктеу кезеңіне шығарды. Егер онда да сәтті өнер көрсетсе, турнирдің ақтық сынында бақ сынайды.

Хабар 24 телеарнасы