Азия чемпионатында Зульфия Чиншанло 5-орынға тұрақтады

55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз жұлқа көтерудегі үш мүмкіндіктің тек екеуін сәтті орындады.

Бұл жаттығуда қазақстандық спортшы 92 келіні ырқына көндіріп, 5-орынға тұрақтаса, серпе көтеруде тек бір мүмкіндігін ғана пайдалана алды. Дегенмен жаттығудың бұл түрінде Зульфия Чиншанло қола медальға ие болды. Ал қос сайыс нәтижесі бойынша отандасымыз 210 келі зілтемірді көтеріп, бесінші орыннан көрінді. Ал жеңіс тұғырына көтерілген қытайлық спортшылар өзара алтын мен күміс медальді бөлісті. Үздік үштікті өзбек спортшысы Муаттар Нәбиева тұйықтады.

Зульфия Чиншанло, ауыр атлетикадан үш дүркін әлем чемпионы:

– Жаттығу кезінде жақсы көрсеткіш көрсеткен едік. Бірақ сайысқа келгенде психологиялық тұрғыдан дайын болмай шықтық. Бастысы Токио Олимпиадасына лицензия бар. Алда әлі үш ай бар. Өзімнің бұрынғы қалпыма қайта келемін.