Меже – екі жолдама: таеквондодан лицензиялық турнирге кімдер қатысады?

Таеквондодан Қазақстан құрамасы Алматы қаласында кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

Бас бапкер Ю Енг Джиннің Olympic.kz сайтына айтуынша, аталған жаттығу жиыны Амманда (Иордания) өтетін лицензиялық турнирге дайындалу мақсатында ұйымдастырылған. Сондай-ақ ұлттық құраманың бас бапкері жауапты сынға қатысатын спортшылар есімдерін де атады.

«Лицензиялық жарыста жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін бүгінде Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз.

Қазір бізге техниканы көтеріп, жұмысымызды жетілдіру керек. Жаттығу жиынының жоспары бойынша түске дейін соққыға жұмыс істеп, түстен кейін электронды жүйемен жаттығамыз. Себебі, додаларда соққылар электронды жүйемен өлшенеді. Сонымен қатар, спарринг жаттығуларын да қалдырмаймыз.

Жақын арада Өзбекстанның Ташкент қаласында шеберлігімізді шыңдау мақсатында бірлескен оқу-жаттығу жиынына аттанамыз. Өйткені бүгінгідей пандемия кезінде біз Өзбекстаннан басқа елдермен біріккен оқу-жаттығу жиындарын өткізе алмаймыз. Шетелдік спортшылармен жаттығу жиыны тәжірибе алмасу және қарсыласқа қарсы әдіс-тәсілдерді шыңдау мақсатында өткізіледі», – деді бапкер.

Иорданияның Амман қаласында таеквондодан соңғы лицензиялық турнир өтеді. Қазақстан құрамасынан жауапты сынға төрт спортшы қатысады. 49 келіде Фариза Алдоңғарова, 67 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Жансель Дениз, ерлер арасында 80 келіден жоғары салмақта Руслан Жапаров, ал 68 келіге дейінгі салмақта Қайрат Сарымсақов Олимпиада жолдамасын сарапқа салады.

«Аталған спортшылар осы уақытқа дейін халықаралық аренада өздерін жақсы көрсетіп, әлемдік додаларда үздіктер қатарынан табылды. Сондай-ақ әлемдік рейтингте де жоғары орындарда жайғасқан. Сондықтан жауапты сынға қатысуға мүмкіндік берілді.

Ал 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде құрамада қос спортшы үміткер болды. Жолдама үлестірілетін сынға қатысушылар тізімі әділ шешілсін деп, біз Смайыл Дүйсебай мен Руслан Жапаров арасында өзара кездесу өткіздік. Нәтижесінде, Руслан Жапаров Смайыл Дүйсебайды жеңіп, лицензиялық турнирге жолдама алды. Смайыл Дүйсебай да өте мықты спортшылардың бірі. Ол әлемдік рейтингте үнемі жоғары орында келе жатыр.

Төрт спортшымыздың ішінен нақты мына атлет жолдаманы жеңіп алады деп кесіп айта алмаймыз. Десе де, Қазақстан екі жолдаманы жеңіп алуы керек деп мақсат қойып отырмыз. Мақсатымызға жету үшін аянбай еңбек етеміз.

Лицензиялық турнирде Тайпей, Тайвань, Таиланд, Иран, Өзбекста, Иордания елдерінің өкілдері біздің басты қарсыластарымыз болады. Үздік саналған Оңтүстік Корея құрамасының ұпайы түгел. Қуанышқа орай, олар осы лицензиялық турнирге қатыспайды», – дейді бас бапкер Ю Енг Джин.

Айта кетерлігі, Амманда (Иордания) 2020 жылғы Токио олимпиадасына іріктеу турнирі 21-23 мамыр күндері өтеді.