Конор Макгрегор: «Манчестер Юнайтед» футбол клубын сатып алуға ниеттімін

Соңғы уақытта спорт сарапшыларының кең талқысына түскен «Суперлига» еуропалық футбол турнирі болмай қалуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жобаға күмәнмен қараушылар саны артқанға ұқсайды. Ал бұл жағдайды белгілі ирландиялық файтер Конор Макгрегор оңтайлы пайдаланғысы келеді.

Футзалдан ел біріншілігі жартылай финалының 3-ші матчында «Ақтөбе» «Атыраудан» 2 доп айырмашылығымен басым түсті.

***

Таяуда ғана еуропалық футбол клубтары арасында құрылған «Суперлига» ғұмыры ұзаққа бармауы мүмкін. Ал британиялық және ирландиялық TalkSport радиостанциясы Twitter парақшасында «Суперлига болмайды» деп жазған. Мұның алдында шетелдік БАҚ-тар да жобаға қатысушы кейбір ағылшындық және испаниялық топ-клубтар жобадан бас тартуға мүдделі дегенді хабарлаған еді. Олардың қатарында «Манчестер Юнайтед», «Манчестер Сити», «Челси», «Ливерпуль», «Арсенал», «Атлетико» және «Барселона» да бар. Еске сала кеткен жөн, УЕФА басшылығы «Суперлига» турнирінің құрылуына үзілді-кесілді қарсы болды. Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы жаңа сайысқа қатысушы командаларды ішкі біріншілік пен ұлттық құрама ойындарына қатыспайтыны туралы да ескерткен болатын.

***

Конор Макгрегор «Манчестерге» көз тікті

Ал екі бірдей салмақта UFC чемпионы атанған Конор Макгрегор «Суперлига» төңірегіндегі дауды пайдаланып, команда сатып алғысы келеді. Таңдауы ағылшындық топ-клуб «Манчестер Юнайтедке» түсіп тұр. Ол өз жоспары туралы Twitter парақшасында жазған. Клубтың қазіргі иесі америкалық Глейзерлер отбасы «Суперлига» жобасының аяқсыз қалғаны туралы ақпараттан кейін «Манчестерді» сатылымға шығаруды көздейді деген жаңалыққа Макгрегор әбден мән бергенге ұқсайды. Айта кеткен жөн, Конордың бизнес-индустрияда мол тәжірибесі бар.

Макгрегордың Twitter-інен:

- Сәлем, достар. Мен «Манчестер Юнайтед» футбол клубын сатып алуға ниеттімін. Бұл жөнінде не ойлайсыз?

***

Жастар боксы: 4 спортшымыз алтынға таласады

Польшада бокстан жастар арасында өтіп жатқан әлем біріншілігінің финалына ерлер құрамасынан 4 спортшы жолдама алды, деп хабарлайды Sports.kz. Олар 49 келі салмақта өнер көрсететін Санжар Тәшкенбай, 56 келі салмақта Ерболат Сабыр, 60 келіде Елнұр Сүйінбай және 64 келі салмақта Сабыржан Аққалықов. Жалпыкомандалық аралық есепте Қазақстан Ресейден кейін екінші орында келеді. Бірақ финалистер саны бойынша Өзбекстаннан алда тұр.

***

Футзал: «Ақтөбе» финалға шыға ала ма?

Футзалдан «Ақтөбе» ел біріншілігі жартылай финалының үшінші ойынында жеңіске жетіп, финалдық серияда алға шықты. «Атырау» клубымен ойын өткізген Виктор Тарчило шәкірттері 6-4 есебімен басым түсті. «Ақ-қызылдар» сапынан Эленилсон, Аршат Сәтжан, Асхат Көлбаев, Ақжол Тыныштықбаев пен Витао гол салып, көзге түсті. Ертең қос команда финалдық серияның төртінші кездесуін өткізеді. Матч ақтөбеліктердің пайдасына шешілген жағдайда команда тікелей финалға жолдама алып, алматылық «Қайратпен» кездеседі.