Александр Емельяненко Джиганмен жекпе-жек өткізеді

Аралас жекпе-жек шебері Александр Емельяненко «Джиган» лақап атымен танымал әнші Денис Устименко-Вайнштейнмен жекпе-жек өткізеді.

Ол үшін Емельяненкоға аса қомақты көлемде гонорар төленбек. Бұл туралы спортшының менеджері Азамат Бостанов хабарлады. Айқастың өтер уақыты таңдалды. Бұл кеш көптің есінде қалады. Емельяненко бұрын-соңды жекпе-жек үшін мұндай көлемде ақша алып көрмеген, деді ол сұхбатта.

Айта кетейік, Емельяненко осы кезге дейін 37 жекпе-жек өткізіп, соның 28-інде жеңіске жетті. Ал шоу бизнесте рэп орындаушы ретінде танылған Джиган спорттан да құр алақан емес. Ол кикбоксингтен Украинаның спорт шебері.

Польша төрінде өткен бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында ел қоржыны күміс медальмен толықты.

60 келі салмақта Жұлдыз Шаяхметова ақтық сында Үндістан өкілі Винкадаға есе жіберді.

Бокстан жастар арасындағы әлем біріншілігінде жерлесіміз Дана Дидай күміс жүлдеге қол жеткізді. Байрақты бәсеке Польшаның Кельце қаласында өтті. 75 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Дана финалда Үндістан спортшысы Санамача Чану Токчомға есе жіберді. Қазақ қызының қарсыласы осал емес-тін. Санамача Чану Токчом 2019 жылы Азия чемпионы атанған. Десе де, көптің үміті Данада еді. Бұған дейінгі айқастарда ол жойқын соққылар мен әбжіл қимылдар жасап, жанкүйерлерді тәнті еткен. Жекпе-жек басынан-ақ Үндістан өкілі ширақ қимылдады. Тек екінші раундта жерлесіміз ес жинап, шабуылды үдетті. Ал шешуші кезеңде Санамача Чану Токчом біздің қыздан  айласын асырды. Есеп. 3:2. Осылайша,  бокстан Қазақстан әйелдер командасы  әлем біріншлігінде барлығы 3 қола, 2 күміс еншіледі.

 Ауыр атлетикадан Азия чемпионатында қазақстандық спортшы күміс жүлдеге ие болды. 89 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрғиса Әділетұлы жұлқа көтеруде 169 келі зілтемірді көтеріп, бірінші орыннан көрінген еді. Алайда екінші жаттығуда отандасымыз олимпиада чемпионы ирандық спортшыға жол беріп қойды. Қос сайыс қорытындысы бойынша 372 келіні ырқына көндірген Нұрғиса Әділетұлы Азия біріншілігінің күміс жүлдесін иеленді. Ал ирандық ауыр атлет Киануш Ростами бір келі артық көтеріп, жеңіске жетті. Үздік үштікті өзбек спортшысы тұйықтады.

Нұрғиса Әділетұлы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері:

– Бұл алғашқы үлкен жарысым болғандықтан, салмақ қудым бір жағынан кішкене әлсіреп қалдым. Сол себептен құдай қаласа келесі жарыста қателікті қайталамауға тырысамын. Рывокта қолым ойнап кетті последний подходта. Ал мынау соңғы подходымда шынтағым тіземе тиіп қалды ғой. Соны санамай қалды судьялар.