Момынов кәсіпқой рингтегі алғашқы жеңілісіне ұшырады

Қазақстан уақытымен 23 сәуір күні таңертең қазақстандық Бобиржан Момынов Вест Пойнтта (Нью-Йорк, АҚШ) кәсіпқой рингтегі 13-жекпе-жегін өткізді, деп жазады Prosports.kz.

Жартылай орта салмақта өнер көрсететін отандасымыз 23 жастағы мексикалық Анхель Руиспен жұдырықтасты. 

Алғашқы төрт раундта қазақстандық боксшы басымырақ көрінген. Бірақ Момынов бірінші және бесінші раундта қарсыласын белден төмен ұрып, бір ұпай жоғалтты.

Сонымен қатар қазақстандық боксшы бесінші және жетінші раундта нокдаунға түсіп қалды. Ал өзі қарсыласын құлататындай жойқын соққы жасай алмады. 

Сегіз раундтың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан мексикалық боксшыға берді. Үш төреші де минималды басымдылықпен Анхель Руис жеңді деп есептеді – 75:74, 76:73, 76:73.