Ауыр атлет К.Кузганбаева Азия чемпионатында күміс жеңіп алды

Ел қоржыны тағы бір күміс медальмен толықты. Ташкентте өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия біріншілігінде Карина Кузганбаева екінші орыннан көрінді.

81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз Оңтүстік Кореяның спортшысына ғана есе жіберді. Карина алғашқы жаттығуда басты қарсыласынан 1 келіге басым түссе, жұлқа көтеруде берілген үш мүмкіндіктің тек екеуін ғана сәтті пайдаланды. Қоссайыс қорытындысы бойынша қазақстандық ауыр атлет 232 келі көрсеткішпен күміс жүлдеге ие болды.

Карина Кузганбаева, Азия чемпионатының күміс жүлдегері:

- Жұлқа көтерудегі көрсеткішіме көңілім толды. Ал екінші жаттығуда қателік жіберіп алдым. Енді мұндай қателіктерге бой алдырмау үшін мықтап дайындалатын боламыз. Қарсыластарым да осал емес. Корей спортшысымен бұған дейін екі мәрте кездескенмін. Екеуінде де мен жеңіске жеткен едім.