Қазақстандық ауыр атлет А.Антропов Азия біріншілігінің қола жүлдесін иеленді

Ташкентте өтіп жатқан жарыста отандасымыз 102 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын.

Біздің спортшы жұлқа көтеру сайысында 168 келі көрсеткішпен бесінші орынға тұрақтаған еді. Алайда екінші жаттығуда намысқа тырысып бақты. Нәтижесінде Артем Антропов 222 келі зілтемірді басынан асырып, Қазақстан қоржынына қола медаль салды. Қазақстандық спортшының қос сайыстағы қорытындысы – 390 келі. Ал күміс жүлдені Катар елінің ауыр атлеті иеленсе, алтын ирандық спортшыға бұйырды.

Артем Антропов, Азия чемпионатының қола жүлдегері:

– Қарсыластарым өте мықты болды. Бұл менің ересектер арасындағы үлкен жарысқа алғаш қатысуым. Сондықтан бұл жетістігіме көңілім толады. Енді осы чемпионатта жіберген қателіктерімді түзеп, алдағы жарыстарға дайындаламын.