Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Белградтағы турнирді сәтті бастады

Сербияның Белград қаласында бокстан халықаралық турнир басталды.

Olympic.kz қазақстандық спортшылар нәтижесін ұсынады.

Қазақстан құрамасының мүшесі Ермахан Жақпеков жарысты жеңіспен бастады. 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен ол кипрлік Андрес Коккиносты ұтты. Сонымен қатар келесі айналымға Нұрқанат Рейс те өтті. Ол жергілікті боксшы Рами Киваннан басым түсті. 

69 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға шыққан Абылайхан Жүсіпов шотландиялық Тайлер Джоллиді ұтып, жарысты келесі айналымда жалғастырады.  Ертуған Зейнуллинов командаластарының жеңісті жолын жалғастыруда. 63 келіге дейінгі салмақта ол ресейдік Ян Штокаленкодан айласын асырып, келесі кезеңге жолдама алды. Сондай-ақ 81 келіде қазақстандық Нұрбек Оралбай сербиялық Слободан Йовановичты ұтып, келесі айналымда жұдырықтасуға мүмкіндік алды.  Өкінішке орай, 57 келіде жұдырықтасқан Серік Теміржанов қарсыласына жол беріп, жарыстан шықты.