429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

25 сәуір – Қазақстан футболының күні

  • 150
  • UPD: 22:04, 25.04.2021

Бүгін елде футбол күні. Себебі 2002 жылдың дәл осы 25 сәуірінде Қазақстан Стокгольмде өткен конгресте UEFA-ның 52-мүшесі болып қабылданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған орай Нұр-Сұлтанның белсенді жастары бұқаралық спортты дамыту үшін шағын футболдан сайыс өткізді. Жазғы алаңда өткен ала доп бәсекесіне әсіресе көп қабатты үйлердегі тұрғындар көптеп қатысты. Жасыл алаңға шығып доп қумас бұрын жарысқа қатысушылар денені шынықтырып, жаттығу жасап, би биледі. 

Жас ерекшелігі 20 мен 35 арасындағы жігіттерге қыздар да қосылып, төрт команда арасында қызықты ойын өрбіді. Әуесқойлардың матчын көруге әрі дем беруге Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев те арнайы келді.

«Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі жастардың мұндай бастамасына және де спорттық жобаларға қолдау білдіруге әрдайым дайын», – деді ол. 

Футбол бәсекесіне 50-ден астам елорда тұрғыны қатысты. «Алдағы уақытта әр жексенбі сайын саламатты өмір салтына бастайтын мұндай сайыстар өзге де спорт түрлерінен жалғасын табатын болады», – дейді ұйымдастырушылар.

Динара Ақылжан, спорттық шараны ұйымдастырушы:

– Негізі біз саламатты өмірді жақсы көреміз. Жаттығу, фитнес дейді. Жастарға керек нәрсе. Өйткені аз мұндай. Көбіне әлеуметтік желіде өмір сүреді. Қозғалысы аз болады. Өте күшті жоба. Өйткені қызығушылық өте жоғары. Қыздардың да қызығушылығы бар. Сондықтан қыздардың футболы өзгеше. Біз екі команда жинадық. Ал қалғандары жігіттер.

Хабар 24 телеарнасы