Елордада триатлоннан Азия чемпионаты өтеді деп жоспарлануда

Бүгін құрлықтық чемпионат аяқталған соң Азия триатлон конфедерациясының жыл сайынғы 29-конгресі өткізілді.

Конгресте Азияның 25 ұлттық триатлон федерациясымен қатар Қазақстан триатлон федерациясы да қатысты, деп хабарлайды Olympic.kz ұлттық триатлон федерациясына сілтеме жасап.

Онлайн-конференцияның кезінде Asia Triathlon президентінің, бас хатшысының, бас қазынашысы мен спортты дамыту басшысының жылдық есептері тыңдалды. Конгресс мүшелері ұйым күнтізбесіне спринт қашықтығындағы Азия чемпионатын қосу туралы конституцияға өзгеріс енгізуді бірауыздан мақұлдады.

Asia Triathlon құрамына жаңа мүше – Сауд Арабиясының ұлттық триатлон федерациясы қабылданды. Сонымен бірге виртуалды кездесу кезінде жуырда болатын Азия құрлығының ірі турнирлерінің жергілікті ұйымдастыру комитеттері өз іс-шараларымен таныстырып өтті. Олар:

Токиода өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындары;

2021 жылы Чолпон-Атада өтетін спринт қашықтығындағы Азия чемпионаты;

2021 жылы Нұр-Сұлтанда аралас эстафета және U23, Junior санаттарында спортшылар арасындағы Азия чемпионаты;

2022 жылы Ханчжоуда болатын 19-ы Азия ойындары.

Осылайша Қазақстан өз жерінде аралас эстафета, жасөспірім және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионатын қабылдайтын болады. Орталық Азияда алғаш өткелі отырған айтулы дода 3-5 қыркүйекте ел астанасында өтеді деп жоспарлануда.