Ауыр атлетика: Қазақстанға олимпиаданың екі лицензиясы бұйырды

Ташкентте өткен ауыр атлетикадан Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сайыстың соңғы күні жарысқа 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде отандасымыз Айзада Мүптілдә шықты. Қазақстандық спортшы алғашқы жаттығуда 118 келі зілтемірді басынана асырды. Серпе көтеру сайысында да мықтылығын дәлелдеді. Осылайша Айзада Мүптілдә 269 келі көрсеткішпен Азия біріншілігінің қола медалін жеңіп алды. Күміс медальға Оңтүстік Корея спортшысы қол жеткізсе, қытайлық ауыр атлет алтын иеленді.

Айта кету керек, аспан асты елінің өкілі бұл жарыста әлемдік рекорд орнатты.

Айзада Мүптілдә, Азия чемпионатының қола жүлдегері:

- Қарсыластарым өте жақсы. Жақсы дайындалған. Үшінші орынның өзін де көріп тұрсыздар, қандай күрес болғанын. Қателіктер техника жағынан бар. Оны жөндейміз деген ниет бар.

Жалпы Азия чемпионатының қорытындысы бойынша қазақстандық зілтеміршілер 7 медаль иеленді. Оның біреуі алтын, үшеуі күміс, тағы үшеуі қола жүлде. Отандастарымыз ел намысын 13 салмақ дәрежесінде қорғаған болатын.

Айта кету керек, сары құрлықтағы жарыс Токио Олимпиадасы алдындағы іріктеу турнирлердің қатарына жатады. Ал ауыр атлетикадан Қазақстанға 4 жылдықтың басты додасына екі жолдама ғана бұйырады. Өйткені ұлттық құрамамыз бірнеше мәрте допингтік тәртіпті бұзған.

Бахыт Ахметов, ауыр атлетикадан қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы:

- Бұл чемпионатта біздің басты мақсатымыз Олимпиадаға жолда еншілеу болған. Есебіміз бойынша жоспарды толық орындадық. Бірақ ресми шақыртуды халықаралық федерация мамыр айының соңында жібереді. Жалпы Токиоға баратын басты үмкіткерлер – Зульфия Чиншанло мен Игорь Сон.

«Астана» антирекорд орнатты

«Астана» баскетбол клубы Бірыңғай ВТБ лигасы чемпионатын жеңіліспен аяқтады. Өз алаңында өткен қорытынды кездесуде жерлестеріміз Беларусьтің «Цмоки-Минск» командасына есе жіберді. Бұрын соңды елордалық клуб мұндай ірі есеппен ұтылып көрмеген. Беларусь баскетболшылары биылғы біріншілікте осымен үшінші мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Десе де, жалпы көрсеткіш бойынша турнир кестесінде 13-орынға тұрақтады. Ал қазақстандық команда олардан бір саты алда болды. Дегенмен қос команда да плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігінен айырылды.

Эмиль Райкович, «Астана» баскетбол клубының бас жаттықтырушысы:

– Әрине, соңғы ойында осылай ойсырай ұтылғанымыз өкінішті. Биылғы маусым қиын болды. Дегенмен жергілікті баскетболшылар біраз тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдады деп нық сеніммен айта аламын. Бізді қолдаған барша жанкүйерге алғыс айтамын.

«Манчестер Сити» – Англия кубогінің иегері

«Манчестер Сити» сегізінші мәрте Англия кубогін жеңіп алды. Финалдық кездесуде «Тоттенхэм» командасын 1:0 есебімен тізе бүктірді. Ойынның тағдырын шешкен жалғыз голды қорғаушы Эмерик Ляпорт салды. Ал Хосеп Гвардиола үшін бұл бапкерлік жолындағы мерейтойлық 30-шы жеңісті сәті.Осылайша «Манчестер Сити» «Ливерпульдің» екі рекордын жаңартып отыр. Бұған дейінгі 8 турнирде Мерсисайд аяқдопшылары көшбасшылық тізгінді берік ұстаған. Оның төртеуінде арасына жыл салмады.