Қол добынан әйелдер арасындағы ел біріншілігінің алғашқы туры мәресіне жетті

Нұр-Сұлтанда қол добынан әйелдер арасындағы ел біріншілігінің алғашқы туры мәресіне жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақтық сында елорданың «Нұр-Сұлтан» мен Қызылорданың «Қайсары» шеберлік байқасты. Жарыстың қожайындары ә дегеннен ойын тізгінін өз қолына алып, тегеурінді қарсыластың бетін қайтарды. Матч 47:42 есебімен елордалық бұрымдылардың жеңісімен аяқталды. Осылайша, биылғы чемпионттың маусымашар ойынында «Нұр-Сұлтан» көш бастады. Сәйкесінше, екінші орын Қызылорда қыздарына бұйырды. Сондай-ақ үздік үштікке Шымкенттің «Қазығұрт» командасы да ілікті. Дәстүрлі доданың екінші айналымы 21-29 мамыр аралығында Қызылорда қаласында өтеді.

Ерлан Дәрібаев, «Нұр-Сұлтан» гандбол құрамасының жоғары лига бапкері:

– Бұл жерге 12 команда келген кіші лигадан. 5 команда орта лигадан келген, 8 команда жоғары лигадан келген. Өте жоғарғы баға болып жатыр. Қазір жастарымыз өте көп өсіп жатыр. Алдында алты команда болған, қазір сегіз команда болды. Өзгерістер болғанда екі команда қосылды қазір, көбейіп жатырмыз. Қазір Түркістан қаласы қосылды, одан кейін Қарағанды облысы қосылды.

Аида Жапарова, «Нұр-Сұлтан» құрамасының ойыншысы:

– Біз осы жеңіске жеттік. Осы ойынға қатты қарқынды дайындық болды бізде. Дайындық керек әрине. Өйткені біз 1,5 жыл ойнамадық. Алаңда бәрі көрініп тұрады.