Софьяда күрес түрлерінен Олимпиада ойындарына соңғы іріктеу турнирі басталады

Бір аптадан соң Софья қаласында күрес түрлерінен Олимпиада ойындарына соңғы іріктеу турнирі басталады.

Әлемдік бәсекеде қазақстандық палуан қыздар да бақ сынайды.

Жерлестеріміз үш салмақ дәрежесінен Олимпиада жолдамасынан үмітті. Бас бапкер Нұрлан Аманқосов ақтық сында ел намысын қорғайтын балуандарды атады. Олар 57 келіде Алтынай Сатылған, 62 келіде Айна Теміртасова және 68 келіде Жамила Бақбергенова бозкілемге шығады.

Еске сала кетейік, бұған дейін ұлттық құрама сапынан төртжылдықтың басты додасына қатысу мүмкіндігіне Валентина Исламова, Татьяна Аманжол және Эльмира Сыздықовалар ие болған еді. Исламова мен Сыздықова 2019 жылғы лицензиялық әлем чемпионатында көзге түссе, Татьяна Аманжол Алматыдағы Азия аймақтық іріктеу турниріндегі жалғыз жолдаманы еншіледі.

***

Оралда қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігі өтіп жатыр

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған жарысқа еліміздің әр өңірінен 300-ден астам өрен қатысуда. Жеңімпаздар 9 салмақ дәрежесі бойынша анықталады. Жалпы командалық есепте әзірге түркістандық палуандар алдына жан салар емес. Екі күн ішінде құрама 5 алтын, 1 күміс және 5 қола алып үлгерді. Қарағанды және Жамбыл облысының спортшылары да қалыспай келеді. Ал бүгін 46, 50, 55 келі санатында палуандар бозкілемге шығады.

***

Еуропа лигасының жартылай финалы

Еуропа лигасының жартылай финалында «Манчестер Юнайтед» өз алаңында «Рома» командасын бетқаратпай ұтты. Есеп: 6:2. Жарыс қожайындары ойын басынан-ақ қарқынды шабуылға көшті. 9-шы минутта жартылай қорғаушы Бруну Фернандеш мергендік танытты. Дегенмен, қонақтар таразы басын үзіліске жеткізбей теңестіріп үлгерді. Матчтың екінші бөлімінде Уле Гуннар Сульшердің шәкірттері қатарынан 5 гол соғып, кездесу жеңімпазы атанды.

***

Сонымен қатар Лондонның «Арсеналы» сырт алаңда «Вильярреалға» есе жіберді. Есеп: 1:2. Осылайша, испандықтар турнир тарихында алғаш рет ағылшын аяқдопшыларынан айласын асырды. Еске сала кетейік, Еуропа Лигасының жартылай финалының қарымта кездесулері 6 мамырда өтеді.

***

«Барселона» – «Гранада»: 1:2

«Барселона» Испания чемпионатында көш бастай алмады. Каталондық аяқдопшылар өз алаңында «Гранададан» жеңілді. Ойынның 23-ші минутында Лионель Месси есеп ашты. Алайда кездесудің екінші бөлімінде қонақтар екі мәрте гол соғып, ойын тағдырын өзгертті. Сондай-ақ «Барселонаның» бас жаттықтырушысы Рональд Куман шектен тыс эмоцияға берілгені үшін алаңнан қуылды. Бапкер алдағы екі матчқа қатыспайды. Ал әзірге «Барселона» 71 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орынға шығып тұр.

Сондай-ақ...