Каратеден Премьер-лигада қазақстандық үш спортшы жеңіліп қалды

Португалияның Лиссабон қаласында каратеден Токио Олимпиадасы қарсаңында соңғы рейтингілік турнир - Премьер-додасы жалғасуда.

Өкінішке орай, бүгін үш қазақстандық спортшы жеңіліп қалды деп жазады Olympic.kz. 

Атап айтсақ, әйелдер арасында 68 келіден жоғары салмақта сынға түскен Софья Берульцева грекиялық қарсыласына жол берді. Сондай-ақ 84 келіге дейінгі салмақтағы Игорь Чехмарев пен Данияр Юлдашев та жарысты жүлдесіз аяқтады. 

Бүгін өтетін финалдық бәсекелерде төрт қазақстандық каратеші жүлдеге таласады. 50 келідегі Мөлдір Жаңбырбай мен 60 келідегі Қайсар Алпысбай алтын медаль үшін, Дархан Асаділов (60 келі) пен Бейбарыс Жаңбыр (75 келі) қола жүлде үшін айқасады.