«Ақжайық» клубы өз алаңында «Жетісу» командасын жеңді

Футболдан Қазақстан чемпионатының тоғызыншы туры мәресіне жетті. Онда Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Жетісу» командасымен ойын өткізді. Тоғыз ұпаймен турнир кестесінің соңына қарай жайғасқан «Ақжайық» бұл жолы жинақы қимылдап, қарсыластың қақпасын көздеумен болды. Нәтижесінде 22-минутта Эльдар Абдрахмановтан пас алған шабуылшы Николай Ковталюк «Ақжайық» сапындағы алғашқы голды соқты. Бұдан кейін де Владимир Мазяр шәкірттерінің есепті еселейтін мүмкіндіктері болған. Алайда Андрей Шабанов «Жетісу» қақпасын қорғауда қырағылық танытты. Бірінші тайм соңында қорғаушы Александр Кислицын айып добын сәтті  орындап, таразы басын теңестірді. Ойынның екінші бөлігінде де командалар біраз ырғасты. Тек матчтың аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Николай Ковталюк үшінші голын соқты. 

Осылайша матч 3:2 есебімен «Ақжайықтың» жеңісімен аяқталды. Енді оралдық команда  Қызылорданың «Қайсарымен» шеберлік байқасады. Ал «Жетісу» «Ақтөбені» қабылдайды. 

Бұдан бөлек Шымкенттің «Ордабасы» клубы Түркістанның «Тұранымен» кездесті. Оңтүстік өлкенің қос командасы арасындағы кездесуде басты фаворит шымкенттік клуб болған еді. Алайда Премьер-лигаға биыл ғана қосылған түркістандықтар азулы қарсыластан қаймыққан жоқ. Ойынның 30-минутында «Тұран» сапынан Темірлан Әміров есеп ашты. Алаң иелері қанша тырысқанымен есе қайтара алмады. Осылайша «Тұран» алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Тоғызыншы турдағы өзге ойындарда «Астана» сырт алаңда «Ақтөбені» 2:0, «Атырау» өз алаңында Ақтаудың «Каспийін» 2:1 есебімен тізе бүктірді. Сондай-ақ «Тобыл» Қостанайда «Таразды» 3:0 есебімен жеңсе, «Қайрат» Петропавлда «Қызылжармен» 1:1 есебімен тең түсті. 

«АҚТӨБЕ» – «АСТАНА» 0:2

«АТЫРАУ» – «КАСПИЙ» 2:1

«ТОБЫЛ» – «ТАРАЗ»  3:0

«ҚЫЗЫЛЖАР» – «ҚАЙРАТ» 1:1