Дзюдодан Grand Slam турнирі: қазақстандықтар жарысты бастады

Ресейдің Қазан қаласында дзюдодан әлемдік Grand Slam жарысы басталды, деп хабарлады Olympic.kz.

Жарыстың алғашқы күнінде ерлер 60 және 66 келіге дейінгі, әйелдер 48, 52 және 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтап жатыр. Ал 60 келіде сынға түскен Бауыржан Нарбаев қырғызстандық Кубанычбек Айбекуулын, Дәурен Сүйеукенов израильдік Матан Коколаевты ұтты.

66 келіде татамиге шыққан Ерлан Серікжанов алғашқы қарсыласына есе жіберді. Ол бірінші кездесуінде әзербайжандық Эльчин Хусейновтан жеңіліп қалды. Дәл осы салмақ дәрежесінде Есет Қуанов жеңісті жолын жалғастырып келе жатыр. Бірінші Қырғызстан өкілі Артур Тені, одан кейін тәжікстандық Алижон Сафаралиевтен басым түсті. Оның үшінші айналымдағы қарсыласы тәжірибелі израильдік балуан Таль Фликкер болмақ.

Әйелдер арасында Ақмарал Науатбек (48 кг) пен Севара Нишанбаева (57 кг) жарысты бірінші айналымда аяқтаса, Абиба Абужақынова (48 кг) екінші айналымға жолдама алды. Ол ширек финалдық жолдаманы израильдік Шира Ришонимен сарапқа салады.