Алматыда бокстан әлем чемпиондары марапатталды

Таиланд төріндегі Азия аймақтық іріктеу турнирінде қазақстандық ескекшілер кезекті жолдаманы жеңіп алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әйелдер арасында бір адамдық байдаркамен 500 метрге жарысуда Наталья Сергеева үздік атанды. Су спортынан бұл Қазақстан қоржынындағы үшінші жолдама.

«Челси» – «Реал Мадрид»: 2:0

Лондонның «Челсиі» Чемпиондар лигасының финалына шықты. Команда өз алаңында Мадридтің «Реалын» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Ағылшындықтар сапынан алғаш болып шабуылшы Тимо Вернер есеп ашты. Кездесу соңына қарай Кристиан Пулишичтің пасын сәтті пайдаланған жартылай қорғаушы Мейсон Маунт ұпайды еселеді. «Реал» аяқдопшылары жағдайды өзгертуге тырысқанымен, бұдан еш нәтиже шықпады. Осылайша, қос кездесудің қорытындысы бойынша Томас Ту-хелдің шәкірттері үздік атанып, ақтық сынға жолдама алды. Айта кетейік, клуб соңғы 9 жылда алғаш рет финалда өнер көрсетеді. Қарсыласы «Манчестер Сити» командасы. Шешуші ойын 29 мамырда Ыстамбұлда өтеді.

***

Алматыда әлем чемпиондары марапатталды

Алматыда бокстан әлем чемпионатынан жүлделі оралған жастар марапатталды. Қазақстан Бокс федерациясының басшылығы оларға жетістігі үшін алғыс білдіріп, естеліктер сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар табыс етті. Польшаның Кельце қаласында өткен бәсекеде жерлестеріміз жиыны 10 медаль жеңіп алды. Елордалық Санжар Тәшкенбай мен қарағандылық Сабыржан Аққалықов ел мерейін асырды. Екеуі де турнирдің чемпионы атанды. Өзге спортшылар да төрт күміс, төрт қола медаль еншіледі.

Кеңес Рақышев, ҚР Бокс Федерациясының президенті:

– Былтыр бір де бір жарыс өтпеді. Спортшыларымыз көп уақыт үзілісте болды. Сол себепті кешегі жетістігімізге көңіліміз толады. Осындай өрендерді даярлаған жаттықтырушылар штабына алғыс айтқым келеді. Өз басым бұл қыз-жігіттердің болашағы жарқын боларына, алда да ел мерейін асыра береріне сенемін.

***

Таиланд төріндегі Азия аймақтық іріктеу турнирінде қазақстандық ескекшілер жеңіс тұғырынан көрінді

Әйелдер арасында каноэмен 500 метрге жарысуда Маргарита Торлопова мен Светлана Усова мәреге бірінші келді. Тиісінше Олимпиада жолдамасын иеленді. Олар Индонезия, Иран және Таиланд спортшыларын артта қалдырды. Бұл спорт түрінен жерлестеріміз осымен екінші лицензияға қол жеткізді. Бұған дейін ағайынды Сергей және Тимофей Емельяновтардың төртжылдық додасында бақ сынайтыны белгілі болған еді.

***

Әлем чемпионатына дайындық

Найджел Доус пен Джесси Блэкер ел намысын қорғамайды. Қазақстан құрамасы хоккейден әлем чемпионатына дайындықты бастады. Елордадағы жаттығу жиынына ұлттық құраманың үздіктері келмеді. Қазақстан азаматтығын алған хоккейшілер әртүрлі себептерге байланысты айтулы аламанға қатыспайды. Қалған жігіттер қазір медициналық тексерістен өтіп, алдағы матчтарға дайындықты пысықтап жатыр.

Айта кету керек, коронавирусқа байланысты Ресеймен және Латвиямен жолдастық кездесулер өтпеді. «Соған қарамастан жігіттер бабында», - дейді бас бапкер Юрий Михайлис.

Еске сала кетейік, әлем чемпионаты 21 мамырда Латвияда өтеді. Жерлестеріміз жарыстың алғашқы күні жергілікті хоккейшілермен жолығады. Бұдан бөлек «В» дивизионда Канада, Финляндия, АҚШ, Германия, Норвегия және Италия сияқты құрамалар бар.