Елордада скейтборд шеберлеріне қажетті инфрақұрылым тапшы

Скейтбординг, стрит-воркаут және музыка. Елорда көшелері карантинге дейінгі қалпына келе бастады.

Күн жылыған соң өнер қуған өрендер алаңдар мен саябақтарға жиналып, ерекше қабілетімен көпшілікті тәнті етіп жүр.

Астанамыздың арбатынан мұндай әуен естімегелі біраз болды. Тіпті, бір кездері жай қыдырып жүрудің өзі арманға айналған еді. Қазір кей шектеулер алынды. Күн де жылып, талантты жастар әр жерде топтасып, өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

Орманбек, музыкант:

– Көшеде өнер көрсету үшін көп нәрсе керек емес. Дауыс ұлғайтқыш пен микрофон сатып алсаң болды. Олардың бағасы қолжетімді. Кейін оған гитараны қосып, кез келген әнді орындауға болады. Осы жерде тек қазақ және орыс тілінде ғана емес, ағылшын, испан және басқа да тілде ән айтатын орындаушыларды кездестіруге болады.

Бұл көше спортының әуесқойлары. Кейінгі кезде бұл бағыт біздің елде етек жайып келеді.

Рауан Өтебаев, роллер:

– Бізге ауа райы жақсы болса жетіп жатыр. Басқа ештеңенің қажеті жоқ. Кез келген уақытта жиналып, сүйікті спортымызбен айналысамыз. Бос уақытты көңілді және пайдалы өткізуге тырысамыз.

Скейтборд шеберлерінің жағдайы айтарлықтай мәз емес. Бұл спорт түрі ресми түрде олимпиада бағдарламасына қосылды. Бірақ оған қажетті инфрақұрылым тапшы. Бұл тек елордада ғана емес, бүкіл ел аумағындағы өзекті мәселе. Соған қарамастан, жергілікті әуесқойлар парктегі ескі жабдықтарда дайындалып жүр. Мәселені әкімдікке не спортқа жауапты басқармаға жеткізуімізді өтінді. Елордадағы ерекше атфосфера енді күзге дейін жалғасады. Эпидахуал ушықпай, жағдай тұрақты болса, әрине.

Аслан Қаженов, Асхат Қарақойшиев