426,99 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздің грек-рим күресінен құрамасы Софиядағы турнирде жолдамасыз қалды

  • 272
  • UPD: 23:12, 08.05.2021
Еліміздің грек-рим күресінен құрамасы Софиядағы турнирде жолдамасыз қалды

Күрес түрлерінен Болгарияның София қаласында Токио Олимпиадасының соңғы лицензиялық турнирі аяқталуға жақын. Өкінішке орай, аталған сында Қазақстан командасы бір де бір жолдамаға қол жеткізе алмады деп жазады Olympic.kz. 

Қазақстан командасының бар үміті Алмат Кебіспаевта болатын. Грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Алмат ширек финалда жеңіліс тапты. Франциялық Маммадасса Силламен өткен белдесуде Кебіспаев 2:0 есебімен алда тұрған. Алайда бұл басымдықты соңына дейін сақтай алмай, қарсыласына 5:2 есебімен жол берді.

Белдесу барысында Алматтың қарсыласынан ұпай алатын екі мүмкіндігі болды. Төрешілер француз балуанын екі рет төрттағанға жатқызса да Кебіспаев бұл сәтті пайдалана алған жоқ. Осылайша 2012 жылғы Лондон және 2016 жылғы Рио Олимпиадаларына қатысқан Алмат Кебіспаев биылғы Токио додасынан сырт қалды. 

Грек-рим күресінен Қазақстан командасының еншісінде жалпы есебі үш жолдама бар. Бақтияр Байсейітов жаттықтыратын балуандар 60, 77 және 87 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде ғана Токио Олимпиадасына қатысады.

Еркін күрестен Қазақстан командасы 57, 65, 74, 97 және 125 келіге дейінгі салмақта Олимпиада лицензиясын еншіледі. Әйелдер күресінен 50 және 53 келіге дейінгі салмақ дәрежелеріндегі спортшылар Токио төрінде сынға түседі.

Хабар 24 телеарнасы