427,01 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақ футболының жарық жұлдызы Тимур Сегізбаевтың туғанына 80 жыл толды

  • 255
  • UPD: 11:12, 12.05.2021

Бүгін қазақ футболының жарық жұлдызы Тимур Сегізбаевтың туған күні, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саналы ғұмырын отандық футболдың дамуына арнаған Сегізбаев есімі қазақ елінен өзге ТМД-ға да кеңінен танымал. Қазақ футболының абызы көзі тірі болғанда бүгін 80 жасқа толар еді. Марқұмның мерейтойына орай туған-туыстары бейіт басына гүл шоқтарын қойып, футболшының атымен аталатын академия қабырғасындағы әріптестері ерен еңбегін еске алды.

Қазақ аладобының абызы Тимур Сегізбаев өмірін футболға, оның ішінде алматылық «Қайрат» клубына арнаған. Шебер шабуылшы команда сапында 12 жыл доп теуіп, 200-ден аса ойын өткізген. Жаттықтырушылар Сегізбаевтың қабілетін ерте кезден байқап, халықаралық жарыстарда шыңдай түседі. 19 жасар спортшы 1960 жылғы КСРО чемпионатында «Динамо Минскке» қарсы ойында қос гол соғып, «Қайратты» жеңіске жетеледі. Атақ-даңқы да арта түсті.

Құралбек Ордабаев, ҚР ЕҢбек сіңірген жаттықтырушысы:

- Тимур ағамыз алпысыншы жылдары өте керемет футболшы болды. Оныншы номерде ойнады. Қазір жұрттың барлығы сол оныншы номердегі майканы кигісі келеді. «Бұл Тимур Сегізбаевтың майкасы» деп жас футболшылар, академиядағы футболшылардың барлығы Тимур ағаны жақсы көреді.

КСРО мен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тимур Сегізбаевтың өмірден өткеніне 4 жыл. Марқұм 76 жасқа қараған шағында көз жұмды. Дегенмен, қазақ футболының Пелесі көзден кетсе де, көңілден алыстамаған. Марқұмның артында қалған ұрпақтары мен жолын қуған жас аяқдопшылар қабір басына келіп құран бағыштап, гүл шоқтарын қойып тұрады. Өйткені атақты футболшының артына қалдырған мұрасы орасан.

Әлихан Әлиханов, Тимур Сегізбаевтың немересі:

- Бүгін атамыздың туған күнінде зират басына барып, еске алып қайттық. Еске алуға «Қайрат» футбол клубының жаттықтырушы, шәкірттері де келген. Атамның үлкен спорттағы еңбегін, шеберлігін айтып, бір марқайып қалдық. Жас футболистер жақында ғана халықаралық турнир жеңімпазы атанды. Бұл да үлкен нәтиже.

Өзінің сүйікті клубы «Қайратта» ұзақ жыл ойнаған соң бапкерлікке ауысады. Тимур Сегізбаев 1971 жылдан бастап жас футболшыларды жаттықтыра бастайды. Әуелі қызылордалық «Автомобилистте» содан соң қарағандылық «Шахтерде» еңбек етеді. Араға біраз жыл салып Тимур Сегізбаев «Қайратқа» қайтып оралады. Сегізбаевтың бапкерлігінде алматылық клуб кеңестік командалар ішінде үздік жетілікке кірді.

Айгүл Сегізбаева, Тимур Сегізбаевтың қызы:

- Алпысыншы, жетпісінші және сексенінші жылдары «Қайраттың» жұлдызы жанып тұрды. Кеңестік өзге командалар қарсы ойнаудан қорқатын. Бүгінгі спортшылар аға буынның ерлігін ұмытпаса екен деймін. Өйткені спорттағы аздаған нәтиженің артында үлкен еңбек тұр. Әкем үлкен спортты дамыту үшін, жетістікке жету үшін балалар спортын дамыту керек деп үнемі айтып отыратын.

Бүгінде «Қайрат» футбол клубының жасөспірімдер академиясына Тимур Сегізбаевтың есімі берілген. Марқұмның атындағы турнир де өтіп тұрады. Сегізбаевтай сұрмерген болсақ дейтін бүлдіршіндерде көп.

Авторлары: Аршын Кемелжанұлы, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы