«Манчестер Юнайтед» өз алаңында «Ливерпульден» жеңілді

Ағылшын Премьер-лигасы 34-турының кейінге шегерілген матчында «Ливерпуль» сырт алаңда «Манчестер Юнайтедті» жеңді.

Мерсисайдтықтар 2 голға 4 голмен жауап қайтарды. Алаң қожайындары Бруну Фернандештің көмегімен 10-минутта есеп ашты. Үзіліске дейін Диогу Жота таблодағы есепті теңестірді. Ал қонақтар сапындағы Роберто Фирмино бірінші тайм аяқталар алдында командасын алға шығарды.

Екінші таймда бразилиялық дубль жасады. «Қызыл сойқандардың» форварды Маркус Рашфорд есеп айырмашылығын қысқартқанымен ары қарай манкуниандықтардың асығы алшысынан түспеді. Матч нүктесін египеттік ойыншы Мұхаммед Салах қойды. Осылайша Юрген Клопп шәкірттері турнирлік кестеде 60 ұпаймен бесінші орынға көтерілді. Ал «Манчестер Юнайтед» 70 ұпаймен екінші орында.