Жапониядағы қырық қала Олимпиадаға келетін спортшыларды қабылдаудан бас тартты

Жапониядағы дәрігерлер кәсіподағы Олимпиада ойындарының өтуіне қарсылығын білдірді.

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, спорттық шараға  дәрігерлерді волонтер ретінде тарту ақылға қонымсыз. Ақ халаттылар жұмыстарының онсыз да қауырт екенін алға тартады.

Айта кетейік, жуырда Жапонияның 40-қа жуық қаласы да Олимпиада ойындарының спортшыларын қабылдаудан бас тартты. Жергілікті биліктің бұл шешіміне аймақтағы ушыққан эпидемиологиялық ахуал себеп. Қазір елде коронавирус індетінің төртінші толқыны дес бермей тұр. Десе де, Олимпиада ойындары бұл жолы кейінге шегерілген жоқ. Спорттық доданың басталуына 3 айдан аз уақыт қалды.