«Ертіс» клубының бұрынғы директоры бір жылға сотталды

Павлодарлық «Ертіс» футбол клубының бұрынғы директоры Серік Омарханов сот шешімімен 1 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іс екінші Павлодар қалалық сотында қаралды. Команданың бұрынғы басшысына салықтан жалтарды деген айып тағылды. Тергеу барысында ол 2019 жылы клубтағы негізгі құрам ойыншыларының жалақасы шамадан тыс көп болуына байланысты әлеуметтік және жеке табыс салығын төмен деңгейде көрсетіп, есеп-қисапты дұрыс жүргізбегені анықталды. Кейін мүлде салық төлемегені белгілі болды. Салдарынан мемлекетке 193 млн 900 мың теңге көлемінде шығын келген. Айыпталушы сотта кінәсін толық мойындады. Енді ол қаржылық және коммерциялық мекемелерде 3 жылға дейін қызмет ету құқығынан да айырылады. Былтыр мамыр айында елдің 5 дүркін чемпионы «Ертіс» футбол клубы банкрот болып, премьер-лигадан шығып қалған-ды.

Жергілікті билік жалпы қарызы 3,6 млрд теңгеге жеткен командаға қатысты осындай шешім қабылдауға мәжбүр болғанын мәлімдеді.