Журналистер арасында Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған волейбол турнирі басталды

Елордада волейболдан БАҚ өкілдері арасындағы «БАҚ лиганың» бірінші маусымы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл маусым қазақ телевизиясының майталманы Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған. Оны «Qazaqstan» РТРК, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Қазақстан волейбол федерациясы ұйымдастырып отыр.

«Әрине Еуразия ұлттық университеті мұндай игі бастамаларды қашан да қолдайды. Мұны спорт саласына деген құлшыныс, әлемді жайлаған дерттің қамалын бұзатын, саламаттыққа әкелетін үлкен ынта деп қабылдадық. Әрине қазақта «өлі риза болмай, тірі байымас» дейді.

Нұртілеу Иманғалиұлы өзінің тележурналист ретіндегі тұлғасын өзі жасаған, ол да саламатты өмір салтын ерекше қадірледі. Біздің жастарымыздың да формада болуы өте маңызды. Нұртілеу аға өз заманында тележурналистика саласындағы көп проблеманы көтерді, көп тележобаларды жүзеге асырды. Бұл бүгінгі жастар үшін үлкен мотивация, адам ойлағанын жүзеге асыра алады. Онымен пікірлескен кездеріміз де болды, ұлтқа болсын, жастарға болсын деген адам еді. Ондай азаматтарды әрқашан еске алып отыруымыз керек», - деді ЕҰУ әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Диқан Қамзабекұлы «Еуразия» спорт кешенінде маусымның ашылу салтанатында.

Біріншілік 28 маусымда аталып өтетін Журналистер күніне дейін жалғасады және онда 8 команда – «2-бап. Цензура», «7 арна», «Atameken business channel», «Qazaqstan TV», «Qazaq radiolary», «ҚазАқпарат агенттігі», «Қазмедиа орталығы» және «Хабар» Агенттігі» ұжымдары сайысқа түседі.