«Есіл» Президент Суперкубогының иегері атанды

«Есіл» әуесқой командасы Президент Суперкубогының иегері атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Финалда олар «Құрман» клубынан басым түсті. Шешуші сын тартысқа толы болды. Екі ұжым да жеңіске жетуге жақын тұрды. Алайда матч 1:1 есебімен аяқталып, ойыншылар қосымша уақытта шеберлік байқасты. Бірақ деңгейлері қарайлас командалар қақпа кілтін таба алмады. Суперкубок иегері пенальти сериясында анықталды. Бұл жолы да қарсыластар біразға дейін кімнің шоқтығы биік екенін анықтауға тырысты. Жүйке мен шеберлік сыналған сайыста «Есіл» жігіттерінің мерейі үстем шықты. Жеңімпаз командаға кубок пен медальдан бөлек, қомақты сыйақы да табыс етілді. Чемпион атанған ұжымға бір миллион теңге бұйырса, екінші орынға табан тіреген «Құрман» ойыншылары жеті жүз мыңды еншіледі. Үшінші орынға 400 мың берілді. Әуесқой лигалардың таңдаулы командалары арасындағы турнир биыл алғаш рет ұйымдастырылды.

Нұрсұлтан Құрман, «Qurman» командасының жетекшісі:

- Кім чемпион болатыны соңғы секундтарға дейін белгісіз болды. Барлығы теңелді десек болады. Өте қуаныштымыз. Пенальти бұл лоторея. Көңіл-күй түскенімен, оны ертең ақ ұмытармыз. Біз тамаша әсер алдық. Тәжірибе жинадық.