Юлия Путинцева Сербиядағы ашық чемпионатты жеңіспен бастады

Қазақстандық теннисші Дмитрий Попко Бьелла қаласында өтіп жатқан Challenger сериялы турнирінің бірінші айналымында жеңіліп қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол 1/16 финалында үш сетте америкалық Тай-Сон Квятковскийден ұтылды. Кездесу 2 сағат 40 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Попко алты эйс жасаған.

Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Белградтағы WTA 250 сериясының турнирін жеңіспен бастады. Алғашқы айналымда жерлесіміз әлем рейтингінде 100-ші орында тұрған словениялық Кайя Юванмен кездесті. Қарсыластар үш сет бойы өзара мықтыны анықтады. 2 сағат 19 минутқа созылған тартыста Юлия жеңіске жетті. Есеп – 4:6, 6:2, 6:1. Екінші айналымда Путинцева бельгиялық спортшы Элисон Ван Эйтванк пен хорватиялық Ана Конюх кездесуінің жеңімпазымен кортқа шығады.

***

Велошабандоз Александр Власов дес берер емес

«Джиро д’Италия» веложарысының оныншы кезеңі аяқталды. «Астана» командасының велошабандозы Александр Власов мәреге 13-ші болып жетті. Десе де, жалпы есепте ол 3-орынды сақтап қала алды. Ал бұл жарысты бірінші болып колумбиялық шабандоз Эган Берналь, екінші орында белгиялық спортшы Ремко Эвенполь келеді.

***

Роберто Манчинидің келісімшарты 5 жылға ұзартылды

Футболдан Италия құрамасының бас бапкері Роберто Манчинидің келісімшарты 5 жылға ұзартылды. Оның бір жылдық жалақысы 3 миллион еуро болмақ. Бапкер 2018 жылдан бастап Ұлттық команданы жаттықтырады. Ол бұған дейін Санкт-Петербургтің «Зенитін», Миланның «Интерін», түріктің «Галатасарайын», ағылшындық «Манчестер Сити» мен басқа клубтардың ойыншыларын жаттықтырған. Италия құрамасы Ұлттар лигасының жартылай финалында испандықтармен ойнайтынын айтып кетейін. Ал алдағы Әлем чемпионатына іріктеу турнирінде италиялықтар Швейцария, Солтүстік Ирландия, Болгария және Литвамен кездеседі.