427,01 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Стантрайд спорты Қазақстанда қаншалықты дамыған

  • 194
  • UPD: 11:18, 19.05.2021

Елімізде спорттық мотоцикл тізгіндейтіндердің қатары жыл сайын көбейіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қос дөңгелекті техниканың қуатынан рахат алатындар көбінесе жылдамдықты асырып, өмірлерін қауіпке тігіп жатады. Ал алматылық мото-спорт шеберлері болса, көшеде жүйіткігеннен көрі стантрайд спортымен айналысуды жөн көреді.

Бұл трюк «Бернаут» деп аталады. Бұдан басқа «Вилли», «Хайчер», «Стол», «Стоппи» және «Акробатика» деген түрлері бар. Вячеслав Хлопцев бала күнінен мотоциклге жаны жақын. Қазір ол стантрайд деп аталатын экстремальді спортпен кәсіби түрде айналысады. Жылдамдықты жақсы көретін жігіт ешкімге кедергі жасамай-ақ, шеберлікті шыңдап, айызыңды қандыруға болады дейді. Өзі секілді мотоциклдің құлағында ойнайтын жігіттерді жинап арнайы топ құрған.

Вячеслав Хлопцев, стантрайд шебері:

– Бұл спорт маған күш береді, жігерлендіреді. Мотоциклмен қала көшелерінде жүру бір басқа, арнайы алаңда шеберлік шыңдау мүлдем басқа. Мен мұнда 15 минут мотоцикл тізгіндегеннен ләззат аламын. Стантрайд спортының өзіндік әлемі, қызығы бар. Және де шеберлікті қажет етеді. 

«Стант» сөзі ағылшын тілінен аударғанда, «шеберлік көрсету» деген мағына береді. Жігіттер қос дөңгелекті техниканы ұршықша иіреді. Төрт адамнан құралған топ қазір өзге елдерге барып, стантрайд бойынша жарыстарға қатысып тұрады. Стантрайд шебері Михаил Савичтің айтуынша, бұл спорттан табыс табу қиын. Бұған тек шынайы қызыққан адамдар ғана келеді. 

Михаил Савич, стантрайд шебері:

– Бізде көптеген мотоцикл мінушілер үлкен трассаларға шығып, жылдамдықты асырғанды жақсы көреді. Сол арқылы өмірін қауіпке тігеді. Ал мынадай алаңға келіп, әртүрлі шеберлікті үйрену қызықты әрі қауіпсіз.

Стантрайд шеберлері анда-санда фильмдердегі эпизодтарға түсіп тұрады. «КазахСтант» тобы қазір өздері сияқты батыл жігіттерді бір ортаға тоғыстырып, спорттың осы түрін дамытуды жоспарлап отыр.

Аршын Кемелжанұлы, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы