Биыл «Қазақстан Барысы» оныншы рет өткелі отыр

Биыл «Қазақстан Барысы» 10-рет ұйымдастырылғалы отыр. Былтыр коронавирус пандемиясына байланысты боз кілемге шыға алмаған қазақ күресінің кіл мықтылары шілде айында елордада бас қосады. Іріктеу кезеңінен іркілмей өткен 37 балуан қазір Алматыда жүр.

Биыл мерейлі жарыс ел тәуелсіздігнің 30 жылдығы мен Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналып отыр. Қазір үлкен жарысқа қызу дайындық басталып кетті. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен 36 спортшы Алматы қаласында дәрігерлік тексерістен өтіп, сурет және бейнероликтерге түсуде. Ал Айбек Нұғымаров «Қазақстан Барысының» соңғы жеңімпазы ретінде іріктеу кезеңіне қатыспай бірден үлкен додаға жолдама алды. 

Айбек Нұғымаров, «Қазақстан Барысы»:

- Бұрынғыға қарағанда кішкене жылдамдық қосылатын сияқты. Өйткені біз бұрын 5 минуттың ішінде тіресіп, көп қозғалыс білдірмейтін. Қазір мен ойлаймын енді 4 минут ішінде тек ғана бірін бірі жеңу үшін әдіс жасау керек болады. Енді бұл да өте дұрыс шығар.

Биылғы іріктеу жарыстарының барлығы жаңа ережемен өтті. Яғни күрес уақыты 5 минуттан 4 минутқа қысқарса, қоянқолтық айқаста 3 минуттан 1 минутқа қысқарып отыр. Сондай-ақ балуандар жалаңаяқ белдеседі. Бұл өзгерістер жарыстың тартысты өтуіне ықпалын тигізеді дейді жігіттер. Қазақстанның алғашқы барысы Ұлан Рысқұл биыл да бақ сынауға тәуекел еткенімен іріктеу кезеңінде інісі Русланға жол беріпті.

Ұлан Рысқұл, «Қазақстан Барысы»:

- Өзімде бір арман болатын. Осы бауырыммен «Қазақстан Барысының» финалында кездессек деген. Енді олай кездеспедік. Жаңағы облыс іріктеуінде кездесіп, жолымды бауырыма бердім.

Сонымен Руслан Әбдіразақовқа үлкен жауапкершілік артылып отыр. Ол ағасының ғана емес, енді бүкіл Жетісу өңірінің сенімін ақтауы тиіс.

Руслан Әбдіразақов, «Жетісу Барысы»:

- Қазақстан Барысын жеңу менің баяғыдан осы 2011-ден бергі арманым ғой негізі. Бірақ әттең-айлар көп болды. Дегенмен, биыл жақсы дайындықпен барып жеңіске жетемін деген ойдамын.

2017 жылғы Қазақстан барысы Еламан Қоңырда биыл үлкен үзілістен соң боз кілемде бақ сынайды. Мерейтойлық жарыстың тағы бір ерекшелігі биылғы үміткерлер арасында жастар көп. 11 балуан бірінші рет Қазақстан барысына қатысқалы отыр. Әзірге жарыстың көрерменмен немесе жанкүйерлерсіз өтететіні белгісіз.

Авторлар: Жандос Айтбайұлы, Нұрдәулет Жақсыбаев

Сондай-ақ...